Кеше Төлеби ауданы әкімдігі мен аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен Ленгір қаласындағы Тәуелсіздік саябағында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік жиын өтті.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, қоғамдық тәртіпті бақылап, азаматтардың құқықтарын қорғап, халықтың сенімін ақтап жүрген бірқатар азаматтарға Түркістан облыстық полиция департаменті мен аудандық әкімдіктің Алғыс хаттарын табыс етті.
– Полиция – бұл мемлекеттің негізі, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігінің басты тірегі. Қоғамда тәртіп пен заң үстемдік құрса ғана ел дамиды, мемлекет нығаяды. Бұл жолда сіздердің еңбектеріңіз ерекше. Сіздерге ел алдындағы адал еңбектеріңіз, қайсарлықтарыңыз бен табандылықтарыңыз үшін зор алғыс білдіреміз. Борыштарыңызды адал атқаруларыңыздың нәтижесінде Қазақстан азаматтары бейбіт өмір сүріп, өз болашағына сеніммен қарайды. Жаңа белестер мен жетістіктерге жете беріңіздер! – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы. – Аудандық ішкі істер бөлімінің жаңа басшысы тәртіп сақшыларының қызметіне бірқатар жаңалықтар енгізіп үлгерді. Оның басшылығымен көпшілікке ой салар, тағылымды іс-шаралар өткізіле бастады. Жуырда ғана Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі Алғабас, Зағамбар, Тағайна ауылдары тұрғындарының қолдауымен өткен «Келешегі кемел үш ауыл» атты акция облыс полицейлерінің тарапынан да түсіністік, қолдау тапты. Басқосудың басты мақсаты қоғамдық тәртіпті нығайту арқылы ішімдік атаулыдан, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық және бұзақылық сияқты жат әрекеттерден мүлдем арылуға бел буып, бір тоқтамға келген төлебиліктердің бұл бастамасы шын мәнінде үлкен маңызға ие.
Мерекелік жиында Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев қазір тыныштық күзетінде тұрған, қызметін адал атқарып жүрген қызметкерлердің үлкен тобына еңбегі үшін рақметін айтып, облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор М.Қабденовтің және өзінің Алғыс хаттарын табыстады. Ол сондай-ақ аудандық ішкі істер бөлімінде ұзақ жылдар қызметте болып, құрметті еңбек демалысына шыққан барлық ардагерлердің атын атап, төрге шығарды. Өздерінің білімі мен білігін жас мамандарға сіңіре білгені үшін оларға облыстық және аудандық полиция басшыларының атынан Алғыс хат берді.
Төлеби аудандық мәслихатының депутаты Ерболат Жабаев, «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров заң талаптарын қатаң сақтап, әділдікті ту етіп, қоғамда тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін сала қызметкерлерін марапаттады.
Төлеби аудандық полициясының абыройын арттырып, мәртебесін биіктетуге арналған басқосу мерекелік концертпен жалғасын тапты. Елімізге танымал әнші Еркін Нұржанов, әзіл-сықақ және сатира актрисасы Мөлдір Мұратбекова, Динара Жұмабекова, «La Festa» триосы, Елжас Төре және басқалар өнер көрсетті.
«Төлеби-ақпарат».