Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Абрамян Жасмин Алматы қаласында жасөспірім қыздар және жастар арасында бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Сағиұлы Ибраимовтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирде күміс медальға қол жеткізді.
Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам жас боксшыларымыз, сонымен қатар Монғолия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің жасөспірім былғары қолғап шеберлері жиналды.
Халықаралық турнирде 60 кг салмақта өнер көрсетіп, өте тартысты бәсекеде күміс медаль иеленген Жасмин былтыр қараша айында Шардарада өткен чемпионатта бокстан Түркістан облысының чемпионы, Жезқазған қаласында өткен ҚР чемпионатында жүлделі ІІ орынға ие болған еді.
Жасминді және жаттықтырушысы Тасболатов Рахымжанды халықаралық турнирдегі жүлдесімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта байрақты бәсекелерде шәкірттеріміз еліміздің көк туын биікте желбіретеді деп сенеміз!
Суретте: Абрамян Жасминге Е.Ибраимовтың өз қолымен күміс медальды табыстау сәті.
«Төлеби-ақпарат».