Өткен аптада Тасарық ауылдық округінде орналасқан «Алатау» оқу-сауықтыру орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан бұрын әлеуметтік қорғау жүйесіне қарасты болған, қазіргі таңда Түркістан облыстық білім басқармасының теңгеріміне өткізіліп, толықтай жаңартылды.
Жыл бойы жұмыс істейтін лагерьдің негізгі артықшылықтары: орталық 300 балаға арналған және жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейді; жыл сайын 5 мыңға жуық оқушы демалып, қосымша білім алу мүмкіндігіне ие болады; ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 270 шаршы метрлік заманауи бассейн салынды; асхана, акт залы, спорт залы, жазғы концерт алаңы және басқа да инфрақұрылым толық жаңартылды.
Оқу-сауықтыру орталығының ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, білім саласының ардагері Ардақ Мәдіханқызы, ұстаз, тарихшы, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы қатысып, алғашқы демалушыларға сәттілік тіледі.
– Балалардың жазғы сауықтыру демалысы қызықты әрі қауіпсіз өтуі – басты назарымызда. Бұл лагерь 300 орынға арналған ғимарат бұған дейін әлеуметтік қызметтер ұсынатын мекемеге қарасты болған. Сауран ауданында жаңа 50 орындық оңалту орталығына көшірілген соң нысанды білім басқармасының теңгеріміне өткізіп, демалыс аймағына айналдырдық. Ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жаңа 270 шаршы метрлік бассейн салынды. Лагерь аумағында асхана, акт және спорт залы, жазғы концерт алаңшасы бар. Материалдық-техникалық базасы түгел жаңартылды. Енді жаз мезгілінен бөлек, өңірдегі үздік оқушылар, спорт пен өнерде облыстың намысын қорғап жүрген балалар жылдың басқа мезгілдерінде де кезең-кезеңімен осында демалуға мүмкіндік алады, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы.
Сонымен қатар Біркөліктегі «Тау барысы» жазғы сауықтыру лагері де пайдалануға берілді.
Бұл нысан 9 модульді корпустан тұрады және 180 балаға арналған.
Лагерьдің ерекшеліктері: жаз мезгілінде жұмыс істейді; әр 20 балаға бір жауапты жетекші қарастырылған; заманауи талаптарға сай толық жабдықталған; балалар ұлттық, спорттық, экологиялық, туристік, шығармашылық бағыттарда жан-жақты дамиды; түрлі мәдени-рухани іс-шаралар мен танымдық экспедициялар өткізіледі.
Бұл жобалар Түркістан облысындағы балалардың қауіпсіз, мазмұнды және пайдалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Төлеби-ақпарат».