Сәрсенбі күні аудан мен облыстағы БАҚ өкілдерінің үлкен тобы Төлеби ауданына арнайы ат басын бұрып, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған пресс-турға қатысты. БАҚ өкілдері Кемеқалған ауылдық округінің Әңгірата ауылындағы «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің алма бағын аралап көріп, жеміс-жидек өңдеу цехында болды. Өздерін қызықтырған сұрақтарға тұщымды жауап алған журналистер Ленгір қаласы Қапал батыр көшесінде салынып жатқан 5 қабатты үш үйдің құрылысымен танысты. Биыл қазан айында пайдалануға тапсырылатын үйлердің іші әрленіп, сыртқы коммуникация жүйелері тартылып жатыр.
Қаладағы «Шаңырақ» мөлтекауданында былтыр пайдалануға берілген «Мейір-Бейс» медициналық және педагогикалық колледжінің жаңа ғимаратында турға қатысушылар пән кабинеттерін, басқа да зертханалық жұмыстар жүргізілетін бөлмелерді аралап көрді. Бірінші Мамыр ауылындағы «Бірлік» ЖШС-нің асфальт-бетон өнімдерін шығаратын цехында жылына 43000 тонна өнім дайындайтын ұжым аудан аумағындағы автокөлік жолдарын салуға, жөндеуге қатысуда. Осы ауылдағы «Балмұздақ» ЖШС-де болған қонақтар (суретте) цех жұмыстарымен танысып, тәтті өнімінің дәмін татты.
Жұмыс соңында Е.Әлімқұлов ауданға арнайы келген қаламгерлерге «Тау самалы» демалыс орнында мерекелік дастархан жайып, ауданның дамуына ерекше үлес қосып жүрген қаламгерлерді Алғыс хатпен марапаттады. Кәсіптік мерекесіне орай белсенді журналистер аудандық мәслихаттың, «Аманат» партиясы аудандық филиалының және аудандық ішкі істер бөлімінің марапаттарына ие болды.
«Төлеби-ақпарат».