Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы Өміртай Амалбек көпбалалы аналармен кездесті. Еліміздің демографиясының өсуіне өз үлестерін қосып жүрген ақ жаулықты аналарға аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде табыс етті.
– Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Сіздер, мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырып, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келесіздер. Өздеріңізге алғыс білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілейміз. Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын! – деді Амалбек Дәркенұлы құттықтау сөзінде.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №862 Жарлығына сәйкес ауданымыздағы 36 көпбалалы ана марапатқа ие болды.
«Төлеби-ақпарат».