Балабақша – балалық шақтың тәтті естеліктеріне толы, айналамен жақын танысуға мүмкіндік беретін, балалардың дамуына үлкен үлес қосатын орын. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында Ленгір қаласындағы «Алина» балабақшасына барып, меңгерушісі Тұрғымбекова Ақмарал Есіркепқызынан арнайы сұхбат алдым.
– Ақмарал Есіркепқызы, «Алина» балабақшасының ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан үлесі, тәрбиешілер мен бүлдіршіндер жайлы айта кетсеңіз.
– 2016 жылы ашылған «Алина» балабақшасында бүгінде бүлдіршіндердің жасына қарай 4 топтағы 100 бүлдіршінге 8 тәрбиеші, музыка жетекшісі, әдіскер және психолог білім мен тәрбиені қатар беріп, тер төгіп жүр.
– Жыл басынан бастап алға қойған жоспарларыңыз, күнделікті жұмыс кестесі туралы айтып өтсеңіз?
– Әрине, биылғы жылы отбасы құндылығын бала бойына сіңіру үшін ұлдарымыз бен олардың әкелерінің қатысуымен іс-шара өтті. Қыздарымызға қазақ қолөнерінің қыр-сырын үйретуге шебер келіп арнайы кездесу өткізді. Орталық кітапханаға саяхат жасаттық. Кітапхана ұжымы бізге келіп іс-шаралар өткізеді. Оқу жылының аяқталуына байланысты 28 бүлдіршініміздің балабақшамен қоштасу кеші өтті. Күнделікті әр топ өзіне сай жаттығу жасайды, қызықты, логикалық ойындар, балалармен топтық және жеке жұмыстар жүргізіледі, тәрбиешілер қоршаған ортаны аялау, қорғау бойынша танымдық сағаттар өтіп тұрады.
– Жақсы, балаларды қорғау күніне арналған жоспарларыңыз қандай?
– 30 мамыр күні таңертеңнен балаларды аниматорлармен күтіп алып, сыйлықтарын табыстап, үлкен іс-шара өткізгелі отырмыз.
– Ата-анаға бала тәрбиесінде білуі керек қандай кеңес айтар едіңіз?
– Балабақша жасындағы балаға ұялы телефон беру – қателік. Көңіл бөліп, «бүгінгі күнің қалай өтті?», «балабақшада не үйрендің?» деп сұраған абзал. Өйткені ұялы телефондағы қажетсіз дүниелер бала миын улайды. Ал балабақшаға алып келерде дүкеннен зиянды заттарды алып беру, бала ағзасына қауіпті болады. Оның үстіне біз нормаға сай табиғи, пайдалы тағамдар береміз. Міне, ата-ана осыны қадағалауы керек.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет! Бала тәрбиесіндегі еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Жұмыстарыңызға сәттілік!
– Сізге де рақмет!
Батырхан АХАЙ,
ҚазҰУ журналистика факультетінің ІІ курс студенті.