Мен 85 жастағы қарт кісі болсам да, жергілікті «Оңтүстік Қазақстан» және «Төлеби туы» газетінің тұрақты оқырманымын. Газеттердің әр номерін түгел оқып, жағымды жаңалық, тәрбиелік мәні бар әңгімелерді отбасы – ошақ қасында, көпшілік жерлерде, ауылдастар арасында айтып отырамын, құлақ салып тыңдайтындарға, насихат етемін.
«Төлеби туы» газетінде жарияланатын Орынбасар Сүттібаевтың мақалаларын тұщына оқып, айтатын ойларымен толықтай келісемін. Орынбасар ініме көп рахметімді айтып, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегендей, талабыңа бақ қонып, қаламың еш мұқалмасын дегім келеді. Ауданымыздың төл газеті «Төлеби туы» газетінің 90 жылдығына орай жазылған естелік мақалаларда газеттің белсенді көмекшілері, ауданның, газеттің тарихына сүбелі үлес қосқан штаттан тыс тілшілер туралы, аудан тарихын, елін, жерін, ауыл-аймағын сүйіп өткен және ел есінде қалардай еңбек еткен ардагер азаматтардың рухы разы болатындай, ол кісілердің көзін көргендердің, ұл-қыздары мен ұрпақтарының көңілін марқайтатындай дүниелер жазылыпты.
Оның «Имандылық иірімдері» айдарымен жазылған мақалалары да өте білімді, сауатты екендігін көрсетеді. Ақын ретінде өлең жазған азаматтар туралы «Оқыдық, пікір айтамыз» деген айдарда Алтай Шакуов баламыздың «Заман келбеті» атты кітабына толық шолу жасап, өте тұщымды пікір айтады, бар өлеңдерін, аудармаларын талдап, сараптағаны көңілден шықты.
«Көргені жақсы көш бастар» дегендей, ел танып, жер көріп, көрген-білгендерін көңілге түйіп, басқа елдердің жай-жағдайын, салт-дәстүрі, білім-пайымы туралы, шет елде қызмет жасап жатқан перзенттері мен білім алып жүрген немерелерінің арқасында ел көріп, жазған дүниелері де, тарихи әңгімелері де өте керемет. «Құдай қосқан қосағыңмен ұрпағыңның қызығына кенеліп, бақытты ғұмыр кеше бер!» деген ақ тілегімді білдіремін.
Одан кейін бал дәурен – балалық шақ, көрген қызықтары, жер-су атауларының мағынасы, қазыналы қариялар, бірге еңбек еткен, тәрбиесін алған үлкендер жайында жазғандары үшін елін-жерін сүйген ұл, үлкендердің, жақсылардың тәрбиесін көңілге түйген азамат деп бағаладым.
Ленгір қаласындағы №1 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған «Туған жердің тұмары – ақын әрі ұстаз-журналист Орынбасар Сүттібай» деген тақырыптағы шығармашылық кеш керемет өтіпті. Мұны ақынға деген құрмет, жоғары баға беру деп білемін. Әрқашан туған еліңнің, ауыл-аймағыңның, барша жұрттың тұмары, көңілге гүл, жүрекке нұр сыйлаған перзенті болып, шығармашылықтың шыңына жете бер деген аналық ақ тілегімді білдіремін.
Күлімхан РАЙЫМҚҰЛОВА,
мәдениет саласының ардагері, зейнеткер.