tolebituy.kz
  • Айтылмаса, сөз жетім
  • Біздің сұхбат
  • Тарих пен тағылым
  • Спорт
  • Әдебиет беті
  • Байланыс
No Result
View All Result
  • Айтылмаса, сөз жетім
  • Біздің сұхбат
  • Тарих пен тағылым
  • Спорт
  • Әдебиет беті
  • Байланыс
No Result
View All Result
tolebituy.kz
No Result
View All Result
Home Әдебиет беті

Абай – өз заманының айнасы

3 июня, 2025
0

Абай ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрді. Бұл кезде қазақ халқы тұтастай патша өкіметінің бодандығына көшкен еді. Соған байланысты қазақ елін басқарудың ежелден келе жатқан хандық жүйесі жойылып, енді қазақ өлкесі дуан (округ)  аталатын әкімшілік аумақтарға бөлініп, оны аға сұлтандар басқаратын болды. Ата-бабаларымыз қанын төге, жанын сала, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жерлері енді патша меншігіне айналды. Қазақ елін біржола иемдену үшін Қазақ жеріне Ресейдің орталық аймағынан орыс, украин шаруалары жаппай қоныстандырыла бастады. Олар ең шұрайлы, топырағы құнарлы, сулы-нулы өңірлерге қоныстандырылды. Мал баққан жергілікті халық оты-суы тапшы шөлді, шөлейт аймақтарға ығыстырылды.

Абай өмірі мен шығармашылық қызметі тап осындай отарлау саясатының дәуірлеп тұрған шағына тұспа-тұс келді. Әкесі Құнанбай аға сұлтандық құрып тұрған кезінде, баласын оқудан шығарып, ел билігіне араластырды. Осы кезде Абай елдің әлеуметтік-саяси өмірінде елеулі өзгерістер болып жатқанын, тұрмыс-салты басқа арнаға бұрылғанын байқайды.

Бұрын ел ішіндегі күрделі мәселелер қазақтың ежелгі төрелік айту жолымен шешілсе, енді патша әкімшілігінің қолына көшеді. Абай біраз жыл болыс, төбе би қызметтерін атқарады. Осындай қызмет атқара жүріп, ел тыныштығын көздейтін, зорлықшыны жөнге салып, жәбірленушінің теңдігін әперетін жерде әділеттілік көрсетіп, ақыл-қайратын жұмсайды. Сөйтіп, ол халық Абайы атанды.

Отарлау саясаты ел ішінде дүрдараздықты күшейтіп, озбырлықтың отын маздатып, ел бірлігін бүлдірді. Патша әкімшілігінің халық арасындағы қол шоқпары болып саналған болыс-билердің, ауылнайлардың, шабармандардың жүгенсіздігі ел ішінде алауыздық туғызды. Бұрын ру-ру, ауыл-ауыл болып, ақсақалдар айналасына үйірілген халық енді жікке бөліне бастады. Ағайын-туыс арасына сызат түсті. Ел ішіндегі пысықтар билікке қол жеткізу үшін барын салды. Осыдан келіп мансапқорлар пайда болып, ақыры парақорлыққа ұласты. Кешегі малын бағып,  көшпелі тірліктің қамымен жүрген халық қалаға шауып, арызданатын болды. Елде ұрлық-қарлық, талау-тонау, зорлық-зомбылық күшейді. Бұл халықтың тұрмыс-салтын, тіршілік үрдісін өзгертіп қана қоймай, оның психологиясын да өзгертті. Осының бәрі халықтың болашақ дамуына кесірін тигізді.

Абай осының бәрін көріп, халқының хал-жайы, тағдыры жөнінде ойланып, толғанды. Одан шығудың жолын іздеп шарқ ұрды. Ол өз халқының жапа шегіп жатқанын, тұйыққа қамылып отырғанын көргенде:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, — деп күйзеледі. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінде. Мұнда ел өміріндегі, адамдар қарым-қатынасындағы теріс мінездерінен безініп, күйініп айтқан жан күйзелісі бейнеленеді.

«Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп бір кезде аталарымыздың жауынгер ұрпақ болғанын айта келе, мұндай мүшкіл халге қалай ұрындық, орыс бодандығына қалай түстік, бұған душар қылған не нәрсе деп, ұстара көрмей жабайы өскен мұрттың ар жағында талай ойлар жатқаны байқалады.

Халқының өмірінде ешқандай тәрбиелі өзгеріс болмағанын, табиғат қалай жаратса, сол күйінде қалғанын, көп уақытты елең-селеңмен босқа өткізіп жатқанын сөз етеді. Халықтың рухани өміріне ықпал ететін игілікке бармадық деп қамығады. Жақсы мен жаманды айырмай, өркениет көшінен қалып қойғанына налиды.

«Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деген тармақта: «Сенің тірлігіңде көңіл көншітерлік сенімді тұрақтылық жоқ. Өміріңнің бір жағы күннің шуағына бөленген жарқын болса, екінші жағы арқадан аязы қыспақ ызғырық» деген қорытынды айтады.

«Бет бергенде шырайың қандай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?» — деп, ежелгі ақ көңіл қазақ едің, енді көзі тайса, көңілі бұзылатын айнығыштық мінез қайдан пайда болды саған? Оған не себеп болды дей келіп:

«Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузыңмен орақ орған өңкей қыртың», — деп осылардың бәрі сенің алдағы өміріңе кедергі жасамаса болғаны дейді.

«Өзіңдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың», — деп қазақтың бар байлығы,

күнкөрісі мал болса, сол малына иелік ете алмай, өмірінің шырқы бұзылып отырғанын атап көрсетеді де, одан әлеуметтік қорытынды жасайды.

«Бас-басыңа би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сыйқын!» — деп елдің сыйқын бұзған қиқымдарға деген ызасын:

«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», — деп осыған жеткізген себептерді ашып көрсетеді. Бұған себеп елде бірлік, береке қалмағанын, бұрын ағайын іші тату болса, енді құдай атып, пейілі тарылып, адалдықтан айырылып, болмашы нәрсеге бұртың ете қалатын әдет тапқанын айтады. Ел ішінде татулық болмағандықтан, бұрын болмаған бақастық, бақталастық асқынғанын ашып көрсетеді. «Сапырылды байлығың, баққан жылқың» дейді.

Абай бұл өлеңінде қазақ өмірінің ақиқат шындығын бейнелейді. Орыстың сыншысы Добролюбов  Пушкин орыс әдебиетінде «шынайы орыс әлемін ашты» десе, қазақ әдебиетінде Абай қазақ болмысын ашты.

«Қартайдың, қайғы ойладың, ұйқы сергек» өлеңінде:

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ашыған у, ойың кермек», — дейді. Қартаю – табиғат заңы. Бірақ ақын неге қайғырады, ұйқысы неге бұзылады? Ашуы неге ашыған удай, ойы неге кермек татиды? Оның себебі кейінгі жолдарда ашылады.

«Адамзат тірлікте дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек», — деп тіршілік жасау адамзатқа тән нәрсе. Бірақ қарекет етпей, ауыл арасында босқа сенделіп жүрген қылжақбастарды сынға алады.

«Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжақпен күн өткізбек», — деп түйіп, кейінгі шумағында:

«Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек…

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ», деп өткен замандағы ауылдағы тіршілік болмысын ашып көрсетеді. Осы өлеңде ақынды қартайтып, арманын ұлғайтқан не нәрсе екенін аңғарасың:

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан,

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман».

Патша билігіне қарағалы ел ішінде пара, парақорлық күшейгенін, болыс та, бай да, саудагер де, тіпті дүрмекке еріп, алармандардың ішінде жарлы да жүргенін, жұрттың бір-бірін аңдып, түрлі сұмдықты ойластырып жүргенін айтады.

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрсын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын…

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,

Өз үйінде шертиген паңы құрсын.

Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, заманның түзу кезінде халықты хан билеп, ел ішіндегі дау-дамайды бидің төрелігімен бітістірген заманда пара, парақорлық болмаған. Би халықтың салт-дәстүрін, адам қарым-қатынасының қағидаларын жетік білген тәжірибелі, парасатты адамдардан тағайындалатын болған. Би әділдік терезесін тең ұстап, мейлінше әділ шешім шығарған. Бірақ ауыл билігінің тізгіні әкімдерге ауысқаннан кейін би төрелігі де өзгереді. Мансапқа қол жеткізу үшін пара бермесе болмайтын болды. Ол кездегі мансаптың ең үлкені – болыс болу. Оның тағдырын шешетін патша әкімшілігі.

«Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,

Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп», айтқаны көзбояушылық еді. Жоғарыға пара бермесе, мансапқа қол жеткізе алмайтын болды.

Болыс болдым мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта май,

Қалмады елге тығындап.

Бұл өлеңде би-болыстардың зымияндық әрекеттерін ақын ашып көрсетеді. Пара мен байлық арқылы ел билеуді қолға алған болыстың ар-ұяттан айырылып, халық мүддесін, ел мұңын, шен-шекпенге сатып жібергенін шенейді. «Болыс болдым мінеки» өлеңінде Абай екіжүзді әкімдерінің ішкі сырын ақтарып, сол кездегі әлеуметтік өмір жайын елестетеді. Ояз алдында құрдай жорғалаған болыс, өз елін жамандап оязға жағымпазданса, жұрт көзінше елдің қамын халықтың мұңын жоқтап жүрген тәрізді көрінеді де, өтірік уәде, жалған сөздермен ел ішін бүлдірген парақор болыстың бейнесін береді. Болыс, әкімдердің мал-мүлкі ұрлық, қарлықтан жиналғаны ашып көрсетіледі.

Абай өмір сүрген дәуірде ел билеуші әкімдер төңірегіне содыр-сотқарды жинап, қастықтарына су бүркіп отырды. Кімді қырына алса, соның малын айдатып алып, момындарға теңдік бермей, ұрыларын қолтығының астынан шығармай келді. Сондықтан ел ішінде ұрлық көбейіп, момын шаруаларды зар қақтырды.

Ұрлықпен мал табам деп,

Егессе ауыл шабам деп,

Сүйтіп құдай атады, — дейтіні өмір шындығы.

Ақын «Адасқанның алды – жол, арты – соқпақ» өлеңінде жөн-жосықты білмей, өнер іздемей, кәсіп қылмай, тек ел қыдырып, сөз жүгіртіп, жұрттың ынтымақ, берекесін бұзып жүрген адамды өткір сөздерімен шенейді, сықақ етеді.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Ішін түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері – қу борбай сымпыс шолақ, — деп ауыл адамдарының еңбек ету, мал табу, кәсіп қылу ойында жоқ екенін айтады.

«Бір дәурен кемді күнге бозбалалық» өлеңінде бар өмірін ел ішінде қыдырумен, қылтың-сылтыңмен өткізген пысықтардың мінезін әшкерелейді:

Ел іші осылай бұзылып тұрғанда, елді дұрыс жолға салатын ақыл иесі азамат бар ма? деп, оған жауап іздейді ақын. «Халықтың қалауымен сайланды» деген болыстың өзі елдің ырысы болмай, соры болғанын, елдің болашағын ойлау, бірлікке шақыру орнына билікке зорға қолы жеткен сайлау шығынын қалай толтырамын деп қара басының қамын ойлап жүргенін мінейді. «Алдымда маған қараған ел бар-ау» демейді. Абай соған ыза болады. Өзінің ащы әжуасының бар уытын болысқа бағыттайды.

«Түбінде баянды еңбек егін салған» өлеңінде «Би болған, болыс болған өнер емес» деген қорытындыға келеді. Елге қызмет етіп, халыққа қамқор болатын көшелі азамат болса екен дейді. Тек мансапты күйттеген адам елдің бағы болмай, соры болып шығады. Өзі де қор болады, елдің титығына жетеді» дейді.

Қолдан келе бере ме жұрт билемек,

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек,  — дейді.

Абайдың арманы да, өкініші де елдің іргесі берік, уыздай ұйытып, өз маңына үйірілетін дана басшы болу. Сондай ақыл иесі азамат бастаған өркенді елдің бейнесін:

Берекелі болса – ел,

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел.

Жан-жағынан күркіреп,

Құйып жатса аққан сел, — деп бейнелейді.

Қалың елдің ішінен ел басқаруға ақыл-қайраты кемел ерлердің шықпауы неліктен?

«Ел барда ер туғызбай тұра алмайды» деп бабаларымыз босқа айтқан ба сонда? – дей келе, бірақ бар пәле – отар елдің жоғарыдан тұқыртып отыратын саясатынан деген қорытындыға келеді. Ел басқарамын деп талап қылған адамның сыртынан әртүрлі зымияндық әрекеттер ұйымдастырып, араға сына қағып жұмысын жүргізбейтінін, әділ ісімен көзге түсе бастаған азаматтың тауын шағып, жігерін құм қылып отыратын кеселдің бірі аяқтан шалу, ауыл арасындағы ырың-жырың ит тірлік дейді ойшыл ақын.

Кеселді болып бітеді,

Жақсыға біткен жақындар.

Жау жағадан алған күн

Өздері иттей тақымдар, — дейді.

Абайдың ұлылығы сол – туған әдебиетімізде өз заманының шындығын ашып, суреткерлік дарынмен жан-жақты бейнелеп беруінде.

 

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.

ShareTweetPin
Next Post
Чемпиондар не дейді?

Чемпиондар не дейді?

Қала мен ауылдық округтердің бюджеттері толықтырылды

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Online оқи жүріңіз!

Currently Playing

Ең көп қаралғаны

  • Төлеби ауданының әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлының тұрғындарға ҮНДЕУІ

    0 shares
    Share 0 Tweet 0
  • Төлебилік жастар – әлем чемпионы

    0 shares
    Share 0 Tweet 0
  • Халықаралық турнирде – күміс

    0 shares
    Share 0 Tweet 0
  • Полиция бөлімінде – жаңа басшы

    0 shares
    Share 0 Tweet 0
  • Мерекеде баспаналы болды

    0 shares
    Share 0 Tweet 0

Басылым жайлы

Меншік иесі: «Төлеби туы kz» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Бас редактор: РАХМАНҚҰЛОВ Әбдімәлік Түймебекұлы

Телефон: 8-701-408-72-32



ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2024 жылғы 23 қыркүйекте тіркеліп, №KZ57VPY00101823 куәлігі берілген.

Мекенжай:

Төлеби ауданы, Ленгір қаласы, Төлеби көшесі, 111 "б". Индекс 161100

Мұрағат

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Басты бет

© 2024 Төлеби туы қоғамдық-саяси газеті