Өткен жұмада аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінде оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара өткізілді.
Аудан бойынша 28 176 оқушы оқу жылын аяқтады. Олардың 1 612-сі – мектеп бітіруші түлектер. 103 түлек «Алтын белгіге», 113 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Аудандағы 1 612 түлек үшін мектеп қоңырауы соңғы рет соғылды. Соңғы қоңырау – мектеп өміріндегі ерекше әрі толғанысқа толы сәттердің бірі. Бұл күн – түлектер үшін балалық шақпен, алтын ұя мектебімен қоштасатын, жаңа өмірге қадам басатын маңызды күн.
Сұлтанрабат жалпы білім беретін мектебінде өткен «Соңғы қоңырау» мерекесіне арналған салтанатты жиынға аудан әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлы, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы, профессор, академик Тойлыбаев Бекайдар Адамбекұлы қатысты. Олар мерекелік құттықтау сөздерінде шәкірттерге ақ жол тілеп, ұстаздар мен ата-аналарға шынайы ризашылығын білдірді. Мектеп басшысы Рсымбетов Қалыбек Дәуенұлын, мектептің бірқатар ұстаздарын білім беру саласына сіңірген еңбектері үшін Алғыс хаттармен марапаттады. Бұл ұстаздар қауымы үшін үлкен құрмет пен шабыт сыйлаған маңызды сәт болды.
Мектеп директоры Қалыбек Дәуенұлы бітіруші түлектерге өзінің ізгі тілектерін арнады. Салтанатты жиында 11-сынып түлектерінің «Білім кілтін» 10-сынып оқушыларына тапсыруы әсерлі шықты. Бұл дәстүр – мектептегі ұрпақтар сабақтастығы мен бірлігінің жарқын көрінісі.
Соңғы қоңырау – әр түлек үшін жаңа белеске бастар алғашқы қадам. Жолың болсын, жас түлек!
«Төлеби-ақпарат».