«Еңбекқорлықты ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда балаларды қалай еңбекке баулимыз деген сұрақ өмір сұранысы болып тұрған мәселелердің бірі. Кей отбасыларда үй тірлігіне көмектесу талап болғандықтан, балалар мұны еш бұлқынбай атқарады. Өзге ата-аналар көп нәрсе күтпейді, балалары болса ешқандай міндет алмағандарына мәз болып жүре береді. Зерттеу жүргізгенде, әсіресе батыс елдерінде балалардың еңбектенуші емес, тұтынушы болуға бейім екенін байқаған. Қалай ойлайсыз, үй тірлігін атқару баланың дамып-жетілуіне әсер ете ала ма? Балалары мектептен кейін үйірмелерге баратын болса, оқитын сабақтары үйіліп тұрса, кей ата-аналар оларды үй жұмыстарынан босата салады. Алайда баланы еңбекке баулудың пайдалы жағы көп. Үй тірліктеріне араласатын баланың мектепте үлгерімі жақсы болатыны байқалған. Мұндай балалар өз-өзіне сенімді, тәрбиелі, ерік-жігері мықты болып өседі. Бұлар болса оқып-тоқуға өте қажет қасиеттер. Осы орайда баланы ерте жастан еңбекке баулудың мына төмендегі 10 қадамына назар аударған дұрыс.
Баланы еңбекке баулудың нақты 10 қадамы
Қазіргі таңда жастардың, әсіресе балалар арасында еңбек қимылы, дене жаттығуы мен еңбек қабілеттілігінің төмендеуі байқалады. Мұндай жағдайда балалардың бойында жастайынан еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Қазіргі таңда ата-аналар балаларын еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде сауаттылықтарын арттыруы және балаларына үлгі болуы қажет. Сондай-ақ, ата-аналардың балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеуі, қол еңбегіне баулуы мен еңбекке деген қызығушылығын арттырып, оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруы өте өзекті болып саналады.
1. Баланың жасына сай тапсырма беру:
Әр бала тапсырманы әртүрлі орындайды. Сабырсыздық танытып, баланың орнына тапсырманы орындауға болмайды. Сонымен қатар, жоғары сападағы нәтижені де талап етпеу керек. Барлығы тәжірибе мен уақытты қажет етеді.
2. Баланың еңбек етуіне мүмкіндік жасау:
Ол үшін балаға ауыр жұмыстар жүктеп, шахтаға жіберудің қажеті жоқ. Ең оңай тәсіл – үй шаруасын істету. Мысалы, ойыншықтарды жинату, ластанған киімдерді кір жуғыш машинасына салғызу арқылы өзіңізге қолғабыс етіп, баланы қамқорлыққа да баулисыз.
3. Қоршаған ортаға қарай тапсырма беру:
Мәселен, бала ауылды аймақта болатын болса, егіншілік немесе мал шаруашылығына үйретуге болады. Яғни, қоршаған орта мен баланың қызығушылығына қарай тапсырма бере отырып, баланы еңбекке бейімдейсіз.
4. Ата-ананың еңбек ету мәдениетінің баланың еңбек етуіне әсері:
Психологтардың айтуынша, егер балаларыңызбен атқаратын жұмысыңыз туралы әңгімелеспесеңіз, сіздің таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін кеңседе жұмыс істегеніңізді немесе күні бойы үйдегі шаруаларды істеп жүргеніңізді байқамауы мүмкін. Күні бойы жұмыс істесеңіз де, егер үйге келіп, балаңызға не істегеніңіз жайында айтпайтын болсаңыз, бала не болып жатқанын толық түсіне алмайды. Балаңызбен жұмысыңызда не істейтініңізді, қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келетініңізді және қалай шешетініңізді талқылаңыз. Бұл кеңес үйде отыратын ата-аналарға да қатысты (карантинге және қашықтан жұмысқа байланысты). Оларға не істегеніңіз жайында айтып беріңіз. Себебі бала үйдің тазалығын немесе көрпе-төсектің жуылғанын байқамауы мүмкін. Кранды жөндейтін болсаңыз, оның да сізге қосылып жөндеуіне рұқсат беріңіз. Сізге көмек көрсетіп, бұның да бір іс екенін түсінеді.
5. Жұмысты ширақ, ретімен әрі сабырлықпен орындау керектігін айту:
Қандай жұмыс болсын, оның қиын не оңай екендігін, алайда әрдайым сыйақысы болатынын балаңызға көрсетіңіз.
6. Балаңыздан шамадан тыс үміт күтпеңіз:
Балаңыз қиналғанда немесе сәтсіздікке ұшырағанда қолдау көрсетіп, жігерлендіріңіз. Оған болған оқиғалардан сабақ алуға көмектесіңіз.
7. Нәтижеге емес, жұмыстың орындалу барысына көңіл бөлу:
Оларды мақтап, ынтасын арттырыңыз. Балаларыңызбен көп сөйлесіп, сұрақтар қойып, әңгімелесіңіз. Жасөспірім балаларыңызбен болып жатқан жағдайлар мен хабарларды талқылаңыз. Бала бір жұмысты ұзақ уақыт жасай алмайды. Көңілі басқа нәрсеге ауысып кетуі мүмкін. Сондықтан нәтижеге емес, оның жасаған ісіне назар аударыңыз.
8. Бірге жасау:
Қол жууға бала ерінуі мүмкін. Балалардың қол жуғышқа барып, қолын сабындап, жақсылап жууы олар үшін күрделі болуы мүмкін. Сондықтан әдетке айналғанша, баламен бірге жасаған дұрыс. Өзі жалғыз орындағанын да ынталандырып отыруды ұмытпау керек. Ата-ана сырттай бақылап отырса болғаны.
9. Қысым көрсетпеңіз:
Балалар кейбір кездері өз-өздерін кінәлауы мүмкін. Сонымен қатар көп жағдайда, ата-аналарының мақұлдауын күтеді. Оларды жаман нәтижелері үшін жазалап, ұрысатын болсақ, балалар өздерін қорғау мақсатында оқудан алыстай бастайды. Сондықтан төмен баға мен нашар үлгерімі үшін жазалаудың орнына оларға эмоционалды қолдау көрсетіңіз. Оларға сіздің сынауыңыздан қорықпастан, өз қиыншылықтары жайында ашық айтуларына рұқсат беріңіз. Балалармен сөйлесіп, оларды тыңдап, түрлі кітапты оқудан ләззат алуларына жәрдемші болыңыз.
10. Балаңызға үлгі болыңыз:
Балаларды тек оқуға, еңбекке ынталандырумен шектелмеңіз. Сонымен қатар өзіңіздің істеп жатқан көптеген шаруаларыңызды да көрсетіңіз, үлгі болыңыз. Қалаған әрекетті өзіміз тұрақты түрде жасауымыз міндетті.
Сәкен НҰРМАНОВ,
Б.Биболатұлы атындағы жалпы білім беретін
мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі.