Ауыл – елдің тынысы және тәлім-тәрбие алатын бастауы, мәйегі. Еліміздің дамуы үшін әр ауылда, елді мекенде мәдениет саласында түрлі идеяларға қозғау салып, ауыл жастарын рухтандырып, ауыл-аймаққа жақсылық жасап, жаңалық пен жақсылықтың қозғаушы күші ретінде тәлімді, білімді, жігерлі, мәдениет саласының қызметкерлері, ауыл интеллигенциясы көбірек болса дейміз. Сондай жандардың бірі – «Жыл үздігі» құрметті атағына ие болған Бейнеткеш ауылының тумасы Қалиев Азидолла Сейдуллаұлы баламыз.
Азидолла Қалиев 1979 жылы дүниеге келіп, 1986 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1994 жылы білім ордасынан түлеп ұшқан. Құрылыс саласында жұмыс істей жүріп, ОҚМПУ-нің музыка факультетін тәмамдап, 2019 жылы Бейнеткеш ауылдық клубына іс жіргізуші болып орналасты. Өзінің еңбекқорлығы мен білімінің арқасында көзге түсіп, 2022 жылы сала басшыларының ұсынысымен Бейнеткеш ауылдық клубының меңгерушісі болып тағайындалды. Одан бұрын бірнеше жыл клуб меңгерушісі болып, 90-жылдардағы қиыншылыққа қарамай, мәдениет ошағын күтіп ұстап, абыройлы еңбек еткен, аудан, облыс көлеміндегі түрлі іс-шараларда ауыл жастарының танылуына сүбелі үлес қосқан Қалыбеков Ұлықбек зейнет жасына шығып, бар жауапкершілікті Азидоллаға тапсырды. Азидолла баламыз ауыл үмітін ақтап, талмай еңбектеніп, жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, Жеңіс мерекесі, Әйелдер күні, Қарттар күні сияқты тағы басқа да көптеген мерекелік іс-шараларды өткізді.
Оның ұйымдастыруымен өткен «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген тәрбиелік мәні бар іс-шарасы көңілге нәр құйғандай. Әжелер тобымен ұлағатты қазақ халқының ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерін жас ұрпаққа әдемі де әсерлі етіп көрсете білді. Туған-туыстың, отбасының ынтымақ-бірлігін сақтауға үндейтін «Сырлы жеңге – сұлу қыз» тақырыбымен, т.б. байқаулар ұйымдастыруы жастардың тәрбиесіне өз септігін тигізуде. «Қыз тәрбиелегеннің ұлтты тәрбиелегені, ұл тәрбиесі – ел тәрбиесі» дегендей, жастардың бойына мейірім мен сыпайылықты сіңіріп, инабатты, ізетті, ар-намысты болуға, адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, Азидолла Сейдуллаұлы ынталы жастарға әр жанрда өнер көрсету үлгісін де көрсетіп келеді.
Жыл үздігінің жеткен жетістіктері аз емес. 2023-2024 жылдары «Мамандығым – мақтанышым» атты аудандық мәдениет үйлері мен клуб мекемелерінің арасында өткен байқауда I орынға ие болды. 2023 жылы «Ауыл – мәдениет бастауы» атты облыстық мәдениет үйлері мен клуб мекемелерінің арасында өткен байқауда II орынға, 2024 жылы осы байқауда III орынға ие болған. 2025 жылы «Жастар дауысы» байқауында Бейнеткеш ауылдық клубы I орынға ие болды.
Азидолла баламыз – көпбалалы отбасының перзенті. Марқұм әкесі Сейдулла медицина саласының маманы еді, зейнет жасына дейін өз міндетін абыроймен атқарды. Анасы Орынкүл Болатқызы – әулеттің ақылман анасы, «Алтын алқа» иегері. Ұлы Азидолла да келін екеуі алтын асықтай 5 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп отыр. Оның көңілге түйгені көп, бұрынғы өткен еңбек адамдары туралы да, қазіргі өнерлі азаматтар жайында да айтары мол.
Жуырда Бейнеткеш ауылдық мәдениет клубында ауданымыздың мәдениет қызметкері, композитор Болат Оразымбетовтің шығармашылық кеші өтті. Ауыл адамдары, ел ағалары, ардагерлер, мектеп оқушылары қатысқан керемет кездесуде мәдениет саласы қызметкерлерінің концертіне, автордың өнеріне көпшілік ризашылығын білдіріп, жақсы көңіл-күймен тарқасты. Осындай игі шараларды ұйымдастырып, басы-қасында жүретін Азидолла балама еңбекте табыс, отбасына бақыт тілейміз!
К.РАЙЫМҚҰЛОВА,
зейнеткер.
Бейнеткеш ауылы.