Медицина қызметкерлері арасында мейірбикелердің еңбегі айрықша маңызға ие. Әсіресе хирургия бөлімінде жұмыс істейтін медбикелердің кәсіби дағдылары мен жанашырлық, қамқорлық сынды адами қасиеттері науқастың тезірек сауығып кетуіне үлкен әсерін тигізеді.
Хирургия бөлімі – күн сайын көптеген күрделі шешімдер қабылданатын, қайнаған жұмыстың ортасы. Мұнда ауыр науқастарға ішкі ағзалары аурулары бойынша жоспарлы және шұғыл ота жасалады, түрлі дене жарақаттарымен түскендерге кәсіби ем-шаралар жүргізіледі.
Ленгір қалалық ауруханасының хирургия бөлімін тәжірибелі хирург Досатова Таңшолпан Әліқызы басқарады. Мұнда жұмыс істейтін мейірбикелердің кәсіби білімдері мен тәжірибелері өте маңызды. Олар науқастарға операциядан кейінгі кезеңде күтім көрсетіп, аурудың асқынуының алдын алу үшін қажетті барлық медициналық шараларды орындайды. Әр науқастың жағдайын мұқият бақылап, ерекше қамқорлық пен шыдамдылық танытады, сонымен қатар психологиялық қолдау көрсетеді. Мейірбикелер емдеуші дәрігермен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, пациенттерге қажетті ем-шаралар жасаумен айналысады.
Қалалық аурухананың хирургия бөлімінде күн-түн демей, денсаулық күзетінде аянбай тер төгіп жүрген мейірбикелер мен кіші персоналдың барлығы да осы салаға ұзақ жылдар бойы еңбек сіңіріп жүрген тәжірибелі мамандар. Атап айтқанда, еңбек өтілі 40-41 жылды құрайтын медбикелер: Тулбаева Данира, Иристаева Гүлзада, 35 жылдан асатын Қуатова Гүлайша, Есіркепова Малика, еңбек өтілі 31 жыл Гребенюк Татьяна Валериевна, 27 жылды құрайтын Баятанова Гүлзира. Әр науқастың өміріне араша түсіп, денсаулықтарының қалыпқа келуіне өз үлестерін қосып жүрген ақ халатты абзал жандарға емделушілер де дән риза.
Хирургия бөліміндегі мейірбикелермен қатар кіші буын персоналдың да жұмысы физикалық және психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Күнделікті науқастарға күтім жасау, отадан кейінгі күтімді, палаталардағы тазалықты қамтамасыз ету – осы мамандардың міндеті. Кіші буын персонал: Айтупова Сара, Сайлыбаева Ләззат, Сыпатаева Ақтолқын, Тастанова Бекзада, Қалшабекова Айгүл, Турабекова Қарлығаш науқастардың сауығуына жағдай жасап, бөлімде мұнтаздай тазалықтың сақталуына өз үлестерін қосып жүр.
Көктемнің осынау жарқын мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында денсаулық күзетіндегі ару, аналарға еңбектеріне бас иіп, зор денсаулық, мол бақыт, телегей табыс тілейміз!
А.ИМАНАЛИЕВА.