Ауданымызда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жуырда айтулы мерекеге орай Төлеби спорт клубының ұйымдастыруымен кіші футболдан аудандық турнир өтті.
Турнирге аудан аумағындағы 20-дан астам мекемеден 14 команда қатысып, өзара бақ сынасып, бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бұл спорттық шара спортты насихаттап қана қоймай, сонымен қатар ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастықты, патриоттық рухты көтеруге бағытталды. Сонымен қатар жастарды бейбіт өмірдің қадірін түсінуге, өткенге тағзым етуге тәрбиелеп, патриоттықтың үлгісі болды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен спорттық сайыс нәтижесінде:
І орынға аудандық білім бөлімі ие болса, ІІ орынды Алатау ауылдық округінің құрама командасы иеленді. Жүлделі ІІІ орынға аудандық полиция бөлімі табан тіреді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар, арнайы дайындалған кубоктар мен марапат қағаздары табысталды.
Спорттық жарыс елдік пен ерлікті, бірлік пен рухты дәріптеген тағылымды іс-шара ретінде айрықша маңызға ие болды.
«Төлеби-ақпарат».