Тігін фабрикасы – шеберліктің және еңбектің алтын ұясы. Ал тігіншілер – осы қайнаған жұмыс ордасының жүрегі, әрбір тігіс пен пішімге мұқият қарап, жұмысын жоғары деңгейде атқаратын мамандар.
Бекбауова Ақерке Ордабекқызы – Ленгір қаласындағы «KazPlast» ЖШС-іне қарасты тігін цехының алдыңғы қатарлы тігіншілерінің бірі. Цех ашылғалы, яғни 5 жылдан бері осы кәсіпорында еңбек ететін Ақерке: «Жұмыс процесінде кәсібилік пен жауапкершілік маңызды, – дейді.
– Әрбір детальға назар аудару, матаның дұрыс қиылуы мен тігіс сапасы – барлығы тігінші жұмысының маңызды бөлігі. Қазіргі таңда Ресей мемлекетінің тапсырысымен теміржолшылардың арнайы киімін тігудеміз».
Ақерке Шымкент қаласында туып-өскен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын бастаған «Бейбарс» ЖШС-інде өз мамандығы бойынша 2 жыл жұмыс істеп, бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққан. Өмірлік серігі Бекбауов Ербол – жеке кәсіпкер. Ерлі-зайыптылар 2 қыз, 3 ұлды тәрбиелеп отыр.
– Ленгірде өз мамандығым бойынша жұмыс табыла қоймаған соң, осы тігін фабрикасының ашылғанын естіп, қуана жұмысқа орналастым. Содан бері 5 жыл өте шығыпты. Қазіргі уақытта 4-разрядты тігіншімін. Айлық жалақымызды уақытылы алып тұрамыз. Мұнда жұмысқа орналасқаныма еш өкінбеймін. Жұмыстың жаманы болмайды, ең бастысы – адал еңбекпен табыс табу. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген мақалды есітіп өскенбіз. Өзімнің анам да тігінші. Кішкентайымнан тігінші мамандығының қыр-сырын көріп өстім. Сондықтан мен үшін тігіншілік кәсіп жат емес, – дейді А.Бекбауова.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.