Қаңтар айының 26-31-і күндері Қостанай қаласында 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға еліміздің 17 облысынан және 3 мегаполисінен 385 жасөспірім бокс шеберлері жиналды. Еліміздің біріншілігіне әр облыстың чемпионаттарында іріктелген, 1 және 2-орын алған боксшылары келді.
Естеріңізге сала кетейін, қаңтар айының 5-9-ы күндері 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионатында Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Жақып Біржан ІІ орынға ие болып, сонымен қатар «Үздік боксшы» номинациясының иегері атанған болатын.
Еліміздің аламан бәйгесінде Біржан барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, ақтық сайыста Орал қаласының боксшысынан басым түсіп, 37 кг салмақта чемпион атанып, алтыннан алқа тақты. Біржанды және алғашқы жаттықтырушысы – өзінің әкесі, әріптесіміз Қожамсүгіров Пернебайды, сонымен қатар мамандандырылған Б.Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатының жаттықтырушысы Есімбаев Бақбердіні ҚР чемпионатындағы жеңістерімен құттықтаймыз!
Енді алдағы уақытта Біржан жасөспірімдер арасында болатын Азия чемпионатына және Дүниежүзілік жасөспірімдер арасындағы чемпионатқа жақсы дайындықпен барып, байрақты бәсекеде көк туымызды биікте желбіретеді деп сенеміз!
(Суретте: Біржан Жақып және бапкері Бақберді Есімбаев марапаттау сәтінде).
Н.КЕНБАЕВ,
аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер
спорт мектебінің әдіскері.