Сәрсенбі күні аудандық мәслихаттың кезекті, XXI сессиясы өтіп, оны мәслихат төрағасы Н.Қойбағаров ашып, жүргізіп отырды. Депутаттар алдында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Ашрапов 2025 жылға арналған аудан бюджеті жайлы хабарлама жасады. Сессияда депутат Х.Нышанбаев Алатау ауылдық округі аумағындағы Шатыртөбе ауылына 6,5 шақырым су құбырын тарту үшін бюджетте 160 миллион теңге көзделгенін, ал мамандар бұл жұмысты атқаруға 20 миллион теңгенің жеткілікті болатынын айтып, бағаның неліктен бірнеше есе өсіп кеткеніне байланысты сұрақ қойды. Сауалға жауап берген аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев жер қыртысының күрделі болуына байланысты ор қазылмайтынын, бағасы қымбат темір құбырлары жер бетінде жататынын мәлімдеді.
Сондай-ақ «Төлеби автобус паркі» ЖШС қала мен аудан тұрғындарын жекелеген маршруттар бойынша жолаушыларды тасымалдағаны үшін тиісті құжаттарды ұсынбай, негізсіз биыл 94 миллион теңгеге жуық субсидия алғаны, ал 2025 жылға бұл қызмет үшін қазір неліктен 55 миллион теңгеге теңгеріліп отырғаны сұралды. Ал көрші Сайрам ауданында осындай қызмет үшін 8 миллион теңге төленген көрінеді. Осы сұраққа орай жауаптарын жұптай алмаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев пен аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаевтың уәждеріне қанағаттанбаған депутат Х.Нышанбаев сыбайластық тәуекелдеріне жол ашатын, 2025 жылы субсидиялауға қажет қаржыны қайта зерделеу үшін асықпауды ұсынды. Депутаттар бірауыздан 55 миллион теңгені алдағы сессиялардың бірінде қарау үшін аудан әкімінің резервтік қорына қоса тұруды мақұлдады.
Ауданның 2025 жылға арналған бюджеті кірісі жөнінен 11872806 мың теңге, ал шығысы 11872806 мың теңге көлемінде бекітілді. 2025 жылы облыстық бюджеттен аудандық бюджетке берілетін субвенция мөлшерінің жалпы сомасы 1053139 мың теңге көлемінде қарастырылды.
Депутаттар аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 21 желтоқсандағы №8/42-VIII шешіміне өзгеріс енгізіп, 2024 жылғы аудандық бюджеттің кірістерін 15753693 мың теңге, ал шығысын 17090106 мың теңге көлемінде бекітті.
Сондай-ақ аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №9/51-VIII «2024-2026 жылдарға арналған қала, ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді.
Аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №9/52-VIII «Төлеби аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізді.
Сессияда бұдан басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Депутаттар алдында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов сөз сөйлеп, ауданда алдағы жылы атқарылатын жұмыстардан халық қалаулыларын құлағдар етті. Аудан басшысы ауылдардағы ауыз су, көшелерді жарықтандыру және тротуар мәселесін біржола шешу кезек күттірмес міндет екендігін атап көрсетті. Аяқ жолы жоқ ауылдарда мектеп оқушыларының жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру өте маңызды. Біркөлік және Ақмешіт демалыс аймақтарында канализация салу уақыт талабы болып отыр. Өкінішке қарай, өзен суларын ластау әрекеттері жалғасуда.
Ауданға инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейді. Себебі құрылыстарды тек бюджет есебінен жүргізу мүмкіндігі сарқылып келеді. Қаржылы кәсіпкерлерді ауданға тартуда мәслихат депутаттары белсенділік танытса дейміз.
Аудан аумағында заң үстемдігін орнату қажет. Мемлекеттік қызметшілер антына адал болып, міндеттерін сапалы, жауапкершілікпен атқарса, көп шаруаның күрмеуі шешілер еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай отырғандығына аудан басшысы өкініш білдірді. Аудандық бюджеттен кран сатып алуға бөлінген қаржыға жуырда «Төлеби аудандық «Саябақтары» КММ басшысы ешқандай рұқсатсыз, жоспарлаусыз жаңа жеңіл автокөлік сатып алғанын тиісті бөлімнің басшысы мен қосшысы түсіндіріп бере алмағанына әкім ренішін білдірді.
Оның үстіне облыс әкімі мен оның орынбасарларының міндетті тапсырмаларын орындауға құлықсыз қызметкерлердің қызметінде отырғаны таң қалдырады. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» деп ысқырып жүргенде, жалпы көрсеткіштер бойынша облыста 7-орында тұрған Төлеби ауданының бүгін 15-сатыға сырғып түскені өкіндіреді.
…Басқа да маңызды мәселерді қамтыған аудан басшысы депутаттарды бюджет қаржысының орнымен жұмсалуын бақылауға алып, бірлесе әрекет етуге шақырды.
Ә.Мәліков.