Үстіміздегі жылы ауданда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм салалары бойынша жеке инвестиция есебінен құны 17,9 млрд теңгені құрайтын 100 жоба жүзеге асырылып, 633 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Солардың ішінде 2 шағын су электр станциясы, 2 балабақша, минералды су цехы мен 2 емдік-сауықтыру орны, 4 спорт кешені, 2 техникалық қызмет көрсету, 6 тамақтану орны іске қосылады деп күтілуде.
Екі су электр станциясының бірі Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің Сарқырама елді мекеніндегі Ақсу өзенінің бойынан Чехияның технологиясы бойынша салынып жатыр. Жоба құрылысы өткен жылдың көктемінде басталған. Екіншісі Қаратөбе ауылдық округінде салынуда. Инвестициялық жобалар жүзеге асқанда тұрғындар үшін тұтынатын электр жарығының бағасы қазіргі тарифтен төмен болмақ әрі бірнеше ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Ауылдық округтердің инфрақұрылым жүйесі жақсарып, әлеуметтік-экономикалық дамуына септігі тиеді, қосымша салық көздері артады деп күтілуде.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Шымкентцемент» ЖШС қаржысы есебінен Ақбастау, Алғабас ауылдарында, жеке кәсіпкер С.Көшербаевтың қаржысына Бірінші Мамырда, жеке кәсіпкер Н.Қарабалаевтың есебінен Аққұм ауылдық округінде спорт кешендері салынуда.
Минералды су цехы Көксәйекте ашылса, емдік-сауықтыру орталығының бірі Бірінші Мамыр ауылдық округінде, екіншісі Алатау ауылдық округінде орын теппек.
Жүз жобаның ішіне кірген екі балабақша Ленгір қаласында бой көтереді.
Екі техникалық қызмет көрсету орталығы Ленгір қаласы мен Бірінші Мамыр ауылдық округінде салынады.
Ленгір қаласында 2 және Аққұм, Зертас, Көксәйек, Қаратөбе ауылдық округтерінде тамақтану орындарының құрылысы жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында балық және құс шаруашылығын дамыту, тамшылатып суару әдісін қолдану, жеміс-жидекті өңдеп, саумалмен сауықтыру орнын іске қосу бағытында 40 жобаның құжаты әзірленуде. Сондай-ақ, өсімдік майын өңдеу, мал бордақылау алаңшасы, тауарлы-сүт фермасын ашу, сүт өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да жұмыстар жүргізілмек.
«Төлеби-ақпарат».