Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Төлеби ауданына жұмыс сапарымен келіп, білім, спорт, мәдениет, дін істері және жастар саясаты салаларына қатысты нысандардың жай-күйімен танысты. Ол Зағамбар елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. 2000 жылдың басында ауыл тұрғындары асарлатып тұрғызған білім ордасына 2018 жылы қосымша ғимарат соғылған. Облыс әкімінің орынбасары білім ошағының жай-күйіне баса мән беріп, ұстаздармен тілдесті. Мектепте ақпараттық көрнекіліктерді жаңартып, оқушылардың араласып білім алуы қажеттігін айтып, ұстаздарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өз қызметтерін адал атқаруды тапсырды. Жауаптыларға оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы керек екенін айтты.
Қазіргі таңда білім ошағының оқу корпусына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі жөнінде облыстық білім басқармасына ұсыныс берілген. Қаржы бөлініп, құрылыс жүргізілсе, мектептің жиhаздары мен компьютерлерін жаңарту жоспарлануда.
Облыс әкімінің орынбасары мұнан соң Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінің жұмысшы мамандықтарының оқу базасына барып, студент жастармен кездесті.
Ертай Алтаев Көксәйек елді мекеніндегі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Республикалық бюджет қаржысына мердігер мекеме «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын жіті бақылаған әкім орынбасары мердігер мекеме өкілдеріне сын-ескертпелерін айтты. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуын, нысанды жұрт игілігіне уақытылы тапсыруды талап етті. Құрылысы 2023 жылы басталған спорт кешені 250 адамға арналған. Ғимараттың жалпы ауданы 4267,99 шаршы метр. Аталған спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
Біркөлік елді мекеніндегі «Бәйшешек» спорттық-сауықтыру кешеніне барған облыс әкімінің орынбасары спортшылар тынығатын орынды, жаттығу залын аралап көріп, асхананың жағдайына назар аударды. Аталған ғимаратта анықталған кемшіліктерге тоқтала келе, облыстық спорт басқармасының мамандарына оларды ретке келтіруді тапсырып, саланы дамытуға байланысты ұсыныстар беруді, спортты дамыту мақсатында жаңаша бағытта жұмыс істеу керектігін ескертті. Аудандар мен шалғай елді мекендерден жас таланттарды іздеп, спортқа баулуды тапсырды. 1972 жылы негізі қаланған спорттық кешен бір мезгілде 250 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда күрес, бокс, ауыр атлетика, футбол, волейбол сияқты түрлі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Дегенмен, ғимараттың бүгінгі жай-күйі күрделі жөндеуді қажет етеді.
Ертай Кенжебекұлы тиісті басқармалардың мамандарымен бірге Төлеби ауданының музейіне де табан тіреді. Ондағы жәдігерлермен танысып, музей қызметкерлерімен түйткілді мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде пікірлесті.
Одан соң Ленгір қаласындағы жеке кәсіпкер Садыкованың шахмат, көркем гимнастика және ұлттық би үйірмесінің жұмысымен танысқан Ертай Алтаев балаларды жан-жақты дамытып, қабілеттерін шыңдау зеректікті арттыратынын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ, «Нұр» мешітінде дін өкілдерімен кездесіп, аудан аумағындағы рухани жұмыстар жөнінде пікір алмасып, бірлікті сақтау мен өзара ынтымақтастықты нығайту жолдарын пысықтады.
«Төлеби-ақпарат».