Уақыт, шіркін, ұшқан құстай зымырайды. Кешегі мектеп партасында отырған балауса шақтың жалауы бүгінде самайға ақ түсірген ақылды, тәжірибелі азаматтыққа ұласқан. Міне, биыл біз – 1958 жылы туған, Ленгір қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 қазақ орта мектебінің 1975 жылғы түлектері алтын ұямыздан түлеп ұшқанымызға тура 50 жыл толуына орай бас қостық. 2025 жылдың маусым айының төрті біз үшін ұмытылмас күндердің бірі болды. Таңғы самалмен бірге жүрек тебіренткен естеліктер жаңғырып, мектеп ауласына қарай беттедік. Бәріміздің жүзімізде толқу, жүрегімізде сағыныш. Мектеп алдына жиналып, ең әуелі естелік суретке түстік. Бұл бір қарапайым ғана рәсім емес, қайта жарты ғасыр бұрын басталған достықтың, шынайы бауырмалдықтың белгісіндей көрінді.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейді
Бұл күндері біз ел ағасы, ел анасы атандық. Қолымызда шөбере, қасымызда немере. Дегенмен, осы деңгейге, осы биікке жетуімізге үлкен үлес қосқан ардақты ұстаздарымыз екенін жақсы білеміз. Мектеп – тек білім берген орда ғана емес, үлкен өмірге дайындайтын рухани тәрбие мектебі де. Ал сол мектептің жүрегі – ұстаз. Бізге әріп танытып, алғаш қалам ұстатқан, ойымызды қалыптастырып, болашағымызға бағыт-бағдар берген аяулы ұстаздарымыздың орны біз үшін қашанда бөлек. Олар бізге сабыр мен парасатты, еңбек пен адалдықты үйретті. Әрқайсысының сабағы өмірлік азығымыз болды. Өкінішке қарай, сол асыл жандардың басым көпшілігі бүгінде арамызда жоқ. Уақыт өз дегенін алады екен. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген сол ұстаздарымыздың есімдері әр түлектің жүрегінде мәңгі сақталады. Біз сол кісілердің арқасында білім алдық, адамдықтың дәнін ектік, өмірге жолдама алдық. Кездесу барысында ұстаздарымызды және де өмірден өткен сыныптастарымыз Бердалы Тойлыбаев, Рысбала Тажикова, Ержан Бакибаев, Мәулехан Өтегенов, Мұрат Тұйғынбаев және класс жетекшіміз Баятаева Алмас апайымызды бір сәт үнсіздікпен еске алып, жүрек түбіндегі алғысымызды іштей арнадық. Ал бүгінде көзі тірі санаулы ғана ұстаздарымыз бар. Сол ардақты жандарға мың алғыс айтып, иіліп сәлем жолдаймыз. Олар – біз үшін тірі тарих, тірі қазына. Дендеріне саулық, ғұмырына мән мен мағына тілейміз. Қазір біз өзіміз де ата-әже атанып, ұрпақ тәрбиелеп отырмыз. Ұстаздарымыздан алған өнеге мен тәрбие – біз үшін сарқылмас рухани байлық. Сол асыл мұраны ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз.
Көп ұзамай, Алатау бөктеріндегі табиғаты тамаша «Жандарбек» мейрамханасында бас қостық. Екі күнге созылған бұл жүздесу расында сағыныш пен қуанышқа, естелік пен шексіз риясыз сезімдерге толы болды. Бала күніміздегідей еркін күлдік, бірге ән шырқап, қол ұстасып би биледік. Сол бір күндердің тәтті әуендері қайта жаңғырып, жүрек қылын шертті. Қатар-қатар отырғанда айтылған естеліктерден көзге жас үйірілген сәттер де болды.
«67 жаста деп айта алмаймын»
Осы кездесуден кейін үйге оралып, суреттерді қызыммен бірге қарап отырдық. Сонда қызымның таңдана:
– Әкешім, мына кісілерді 67 жаста деп айта алмаймын! – деген сөзі жүрегіме ерекше әсер етті. Бұл сөздер – менің кластас құрбы-құрдастарыма мақтау айтып, жағымпаздану емес. Бұл – шынайы сезімнің көрінісі. Қызымның көзімен қарағанда, менің құрбы-құрдастарым – сымбатты, сергек, жасқа тән қуанышқа толы жандар. Шынында да, бұл кездесуде бәріміз өмірге деген құлшынысымызды, рухани жастығымызды көрсете алдық.
Кеш барысында айтылған әсерлі сөздердің бірі кластасымыз Маржан Бәкібаеванікі болды. Ол: «Жастарға қызыға да қызғана қарамаңдар. Біз де кезінде дәл солардай жалындаған едік. Қазір біз – талай өткелден өткен, өмір мектебінен сабақ алған, ұрпаққа үлгі болатын буынбыз. Жаяу жарысқа түссек, таңертең ерте тұрып, сол жастардан бұрын мәреге жететін әлі де қуатымыз бар. Ең бастысы, немере-шөберемізге ата мен әже деген асыл ұғымның қадірін сіңіріп, елге сыйлы, абыройлы болып отырмыз. Бізге қарап өскен ұрпақ ертең бізден өнеге алсын десек, бүгінгідей рухымызды жоғалтпайық», – деді.
Иә, осы сөздер біздің буынның шын бейнесін дәл сипаттайды. Бұл өмірде әр буынның өз жолы, өз үні бар. Бірақ аға ұрпақтың орны әрдайым биік. Біздің балалық шағымыз, мектептегі достығымыз, алғашқы армандарымыз – бәрі де сол алтын ұя мектебімізден бастау алған. Сол мектепке деген құрметіміз ешқашан сөнбейді.
Кездесу соңында түлектер келесі жүздесудің уақытын, орнын алдын-ала жоспарлап, бір-біріне ақ жол тілеп, жүректері шаттыққа толы күйде тарап кетті. Жан-жақтан жиналған достар бір-біріне бауыр болып, мектептен алған рухани тамырдың әлі де үзілмегенін, қайта күшейіп келе жатқанын сезінді. Осындай сәттер өміріміздің ең қымбат естеліктерінің бірі болып қалары сөзсіз. Бұл достықтың, адалдықтың, жүрек жылуының, өмірге деген сүйіспеншіліктің тойы еді.
Ілияс АХМЕТОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
№2 жалпы білім беретін мектептің
1975 жылғы түлегі.