(Қазақтың арда перзенті Қуаныш Төлеметұлы туралы толғау)
Түстік өңірдің ырысты ордасы – Шымқаладан шығып, күншығысты бетке алдың делік. Бір көштік уақытты ұтып, алыстан еріксіз арбаған көгілдір мұнарға араласып Алатауға иегіңіз артылар тұста, алдыңыздан маңдайында «Майбұлақ» деген таңба тізілген арка қақпа шығады. Сосын құшағын айқара ашқан Тәңіртау аталық сабырмен саламаттасады. Тәңіртаудың жағрафия ғылымындағы атауы – батыс Тянь-Шань. Күнделікті ауызекі атауда жиі айтылатыны – Талас Алатауы немесе жай Алатау. Бұл өңірді атамзаманнан бергі қазақтар Төс деп атайды. Құдайдың өзі шеберлікпен шекіген таулы ландшафттың тұтас көрінісі – табиғаттың құбылып, жан дүниеңе тебіреніс тудыратын көркемдіктің көкесі. Бір ақын былай депті:
Мұндай жерді тауып көр жер бетінен,
қанаттанған ұлы рух келбетінен,
Сақа шыңдар сақалын саумаласа,
Қара арша қалғыған төрде тұман.
Арнасында атойлап майда бұлақ,
мың-сан бұлақ жатады қайнап ағып.
Күнді уыстап тау жайлап түрегелсе,
тығылады көлеңке сайға барып.
Жота-жондар жыртылып терісінен,
шудаланып жатады сері сілем.
Шақпақ қобыз шалады жел үнімен,
мінезімен айтулы перісүрең.
Тауды тілген өзеннің арыны айбын,
сәнін түзеп күледі сарымай күн.
Табиғаттың осынау көрмесінен,
табармысың іздесең тарыдай мін.
Ақша бұлтты аспанға «дуалаған»,
сондықтан да суы аман, суаны аман.
Сарбаздарша ауыл-үй сапқа тұрып,
өрге қарай өзекті қуалаған, – деген сыңайлы өлең тармақтары сабақтасып суырылып шыға береді. Бұл – Төстің құс қанаты биіктен қарағандағы көрінісін бейнелегендей.
Міне, сіз солай Майбұлақтың арка – қақпасынан аттап, Төс еліне қадам жасадыңыз. Алдымыздағы ағыны қатты өзен арнасы бойымен іргедегі таудың қойтастарын бірін екіншісіне араластыра соққылай алдына сала, жаңғырықты сарынға ұластыра тырқырата қуып, езуі ақкөбік адуын Балдыберектің тұп-тұнық көк долы толқындары аспанға шапшып жатады. Қақпатастың көбесін қақырата сөгіп, Тесіктастың түбінен вулкандай бұрқырап бұйра бұлақ шығады. Оның өзі кіші-гірім бір өзенше. Қаратөбенің қайқаң бетіндегі доланалы терең сайда дәл сондай бір ботагөз бұлақтың ылдидағы ауылға қарай сыңғырлы сарынды ағысындағы толқындары күн нұрына шағылысы сәулелі жарқыл тудыра арсалаң қаққан жылдамдығы үдей жүгіргені қызық. Осы сайдың төрінде Жаппасата мазары мен Жоңғарата бейіттері көрші орналастырылған. Әлгі екі бұлақ Жаппасатаның табанынан шығады.Сондықтан да ел оны Жаппастың суы дейді.
Ешкімнің есінде қалмаған бір бай-қуатты заманда бұ жерде қазақтар мен жоңғарлар қатар, аралас өмір жасаған сыңайлы. Немесе XVII-XVIII ғасырлардағы казақ-жоңғар шапқыншылығынан қалған бір белгі ме екен?.. Бұл сөзімізді өзіміз тірілтпесек болмайтындай. Олай дейтініміз сол маңда аумағы әудем жерді алып жатқан көне мазарат бар. Ел оны жоңғарлардың мазараты дейді. Күні бүгінге дейін солай аталады. Сол бір көненің көзіндей ескі белгілер тарихтың құпия сырларын бауырына басып жатқандай.
Қақпатастың қарсы бетіндегі піл сауырындай салмақты қырдың арғы бетіндегі сай табанында Жолбарысбастау бұлағы да ерекше аталады. Көктем кезінде Алтынбастаудың суымен Жолбарысбастау бас біріктіре тамызға дейін сапырылысып, сарқырайды да жатады.
Ал, ауылдың белортасындағы Нұрата әулие бейітінің қос қолтығынан булығып шығып жатқан егіз бұлақты «бұлақ» деу кемшін тартатын сияқты. Айналып келгенде, осы егіз бұлақтың суы о бастағы ынтымақтары ұрпақ болашағы үшін сөз байласып аманат етілген ағалы-інілі екі атадан тарайтын әулеттің тіршілік көзіне айналып жататыны да елдің басты байлығы іспеттес. Аты жоқ майда бұлақ-бастаулар мың-сан. Күздің қара суығы ұрғанша, Майбұлақтың жасыл еміп жататыны да сондықтан. Осынша бұлақ-бастаулардың бір ғана жердің қойын-қолатына нәр беріп жатуының өзі неге тұрады? Міне, аталарымыз бұл өңірді сондықтан да Майбұлақ деп ат қойып, айдар таққан. Яғни бұл ел – Төс. Төс Елі.
Осы Төс Елінен нелер жақсылар мен жайсаңдар шықпады дейсіз! Солардың бірі де бірегейі Қуаныш Төлеметұлы. Ол кім еді? Қандай қызмет атқарды? Еліне қандай жақсылық жасадыға келетін болсақ, әңгімемізді арда ағамыздың өмір дерегімен бастасақ деймін.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Төлеметұлы ағаның келтелеу ғұмырындағы кісілік келбеті кімді болмасын алдымен тәшін қалдырады, тәнті етеді. Ол кісінің қоғамдағы қайраткерлік қарымы, өнердегі өрелі істері мен өзінің қаламгерлігі күні бүгінге дейін ел аузында ылғи да айтылып, бірте-бірте аңызға айналып барады. Қуаныш ағаның ақжарылқап жүрегі бүгінгі қоғам көрінісіндегі күңгейлі көлеңкелі болмысын көппен бірге көрді десек те, арда ағамыз ол жәйтті басқалардан әрі терең, әрі ауқымды бағамдаса керек. Сондықтан да Парламент төріне барып, бүгін мен болашақ жолына тер төкті.
Қоғамға қозғаушы күш бірден басталмаса керек. Алдымен ағамыз ядролық соғысқа қарсы халықаралық Невада-Семей қозғалысының белді де белсенді мүшесі болды. Әлемге әйгілі ақын, сол қозғалыстың ұйымдастырушысы Олжас Сүлейменовпен қоян қолтық араласуы сол кезден басталса керек. Арғыдағы түрлі спорт түрлері федерацияларының тізгінін ұстау да бір азаматтың тақиясына тар келер іс емес-ті.
Ілгеріде, Қуаныш ағаның дүниеге келген қаршадайы – 1942 жылдың 4 қарашасынан ауылдың жетіжылдық мектеп қабырғасында білімге бас қойған балалық шағын көрген ауылдың ел үлкен ақсақалы Тұрабай атамыз: «Қара да тұрыңдар. Төлеметтің осы баласы ел ұстайды» – деген сөз ауылда әлі күнге «деген екен» тәмсіл бойынша айтылып келеді.
Рас. Қуаныш аға өндірістік, мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға жастайынан жетілді. Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтынан инженер-механик мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын жоғары оқу орнында білім ала жүріп, зауытта жұмысшылықтан бастаған. Институтты бітіргеннен кейін жолдамамен Қызылорда қаласындағы целлюлоза-картон комбинатында шебер болып істеді. Кейін 1965 жылдың желтоқсанынан Шымкентке оралып, асбест-цемент конструкциялары комбинатында ауысым мастері болып жұмыс бастайды. Өзімен бірге істеген, бірге жүрген замандастарының: «Қуаныш өндіріс жоспарын орындағанша өліп кете жаздайтын. Жұмыстан соң цехта қалып, машинистер мен галендоршылар қатарлы қолы рычагтан босамайтын. Ол бірнеше күнге созылатын. Аяғында резіңке етік, үстінде сауыс-сауыс боп кеткен күртеше, жығыла-сүрініп жүргені. Сөйтіп жүріп отырған жерінде ұйықтап қалған күндері болатын». Жаман болған жоқ. Жан беріп жан алысқан майданға бергісіз еңбектің нәтижесінде Қуаныш аға басқаратын шифер зауытындағы жұмыс нәтижесі одақ бойынша құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар арасында суырылып алға шықты. Сол кездегі тілмен айтқанда Сов Мин мен ВЦСПС-тің туын жеңіп алып, ол ту комбинатта мәңгілікке қалдырылды. Қаншама жұмысшылар ақшалай сыйлық алды, қаншасы орден-медальды омырауына тақты, қанша жұмысшы пәтерге қол жеткізді. Әрине, Қуаныш ағаның өзі де құры қол қалған жоқ. Омырауына «Құрмет белгісі» ордені тағылды. Бұл жәйітті тәкпіштеп кетуіміздің себебі бұл Қуаныш ағаның өндіріс командирі боп жүрген кезіндегі ең ірі жеңісі көрінеді. Обалы не керек, бұндай жеңістер одан кейін де бірнеше рет қайталанған көрінеді. Әр еңбек жеңісінің тұғыры Қуаныш аға үшін бір баспалдақ болыпты. Осы кәсіпорынның барлық еңбек сатыларынан өтіп, комбинат директоры дәрежесіне дейін көтерілді. 1979 жылдан 1981 жылға дейін басқарған комбинат жыл сайын жеңімпаздар қатарынан көрініп, талай айтулы жүлделерге ие болды.
Іскер басшы Қ.Төлеметов 1981 жылы Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1988-1989 жылдар аралығында Шымкент облыстық атқару комитетінің жоспарлау басқармасының бастығы, облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағаның бірінші орынбасары қызметтерін атқарады. 1991-1993 жылдары халық депутаттары Шымкент қалалық Кеңесінің төрағасы болып істеді. 1993 жылдың желтоқсанынан бастап «Шымкентмұнайөнімдері» акционерлік қоғамының президенті.
Бұл кез адам үшін де, қоғам үшін де бір ауыр кезең болды. Елде «жоқтан» басқа сөз айтылмады. Осындай кезде 700 мыңнан астам халқы бар қаланың шарасын шайқамай тығырықтан алып шыға көр. Обалы не , Қуаныш аға бұл қиындықтарды да бастан өткерді. Ел шарасы да шашылып кеткен жоқ. Мемлекет, қоғам билігіне әкімдік жүйе келгенде ағамыз елдегі жаңа қызмет түрі (жаңа термин сөз десе де болады) бизнеске бет бұрып, «Шымкентмұнайөнімдері» акционерлік қоғамына президент болып кетті. Күндер кібіртіктеп, айлар асықпай өтіп жатты. Сәт-сәт елдің реңіне қан жүгіре бастады. Сауда деген сөз коммерция деген сөзбен алмасты. Бизнес деген құдыретті ұғым таққа отырды. Бұл социализмнен капитализмге көшудің көрінісі еді. Көшіп-те орнықты.
Қуаныш аға мемлекеттік қызметтің қазанында қайнай жүріп, ара-арасында уақыт тауып шығармашылық ауылына да ат басын бұрып жүретін. Сағаттап үстелге шегеленген кезі кем-ау деймін. Олай дейтінім, Қуаныш ағаға не кәт болса, ол уақыт шығар. Шығармашылық деген уақыттың жауы. Бірыңғай шығармашы боп кету үшін ноқта-жүгенің сыпырулы болуы керек. Ал Қуаныш аға қандай іске де «байлаулы» болатын. Ол «байлаудан» босап шығуы сирек еді. Тіпті де сирек еді.Алайда қаға берісте туған төл шығармалары да жарық көре бастады. Мысалы: «Мәңгілік мезет» («Рауан» баспасы, 1992 ж), «Арғымақ жылдар… ақындар» («Жалын» баспасы, 1997 ж) атты жыр жинақтары жарық көрді. Бұл жинақтардағы туындылардың бірсыпырасы орыс тілінде «Нұрлы әлем» баспасынан 1997 жылы «Век аргамака» деген атпен кітап болып жарық көріп, аударма орыс тілді қауымның жоғары бағасына ие болды. Жазған шығармалар желісі бойынша «Өткендер мен өткелдер» атты поэтикалық қойылымы Шымкенттегі Шанин театрында қанша мәрте қойылса, сонша мәрте залда аншлаг болды. Тиын санап отырған театр үшін бұ да болса әжептәуір нәпақа еді. «Өткендер мен өткелдердің» дабысы Шымкенттен шығып Астанаға жетті. Республикамыздың мәдениет комитетінің төрағасы Дүйсен Қасейіновтың тапсырмасы бойынша Еркін Жуасбаев деген театр сыншысы Шымкентке келіп «Өткендер мен өткелдерді» өз көзімен көрді. Қойылымның соңында Еркін мырза сахнаға шығып, спектакльге қатысқан әртістер мен авторды ыстық ықыласпен құттықтады. Бұл орайда театрдың директоры Ахмет Өтебаев пен бас режиссер Әскер Құлданның мәртебесі төбеге тигенін де айта кеткен дұрыс-ау деймін. Е.Жуасбаев мырза сөзінің соңында Қазақстан Республика мәдениеті комитеті бастығының сәлемін айтып, театр трупасын экспресс-гастроль негізінде Алматыға шақырды. М.Әуезов театрында қойылымды қоюға тілек білдіргенін айтты. Бұл әрине күтпеген тосын хабар еді.
Одақ тарағаннан кейін біраз жыл қарайып отырып қалған әртістер қауымы үшін бұл айта қаларлық жаңалық әрі мерекедей қуаныш еді.
Тоқсан жетінің қарлы-боранды қытымыр күндерінің бірінде театр жұмысшылары декорациялар мен бутифорларды булары бұрқырап жүк машинасына тиеп жатқанда орталарында автордың өзі бар театр әртістері жапырылып пойызға мініп жатты.
Ертесіне М. Әуезов театрының маңында қара-құрым халық жүрді. Спектакль өте сәтті өтті. Театр сыншылары мен Алматы журналистері: «Оңтүстіктен келген театр ұжымымен көктем ілесе келді. Желтоқсанда өрік гүлдеді», – деп жамырап жазып жатты.
Сол күнгі қойылымнан соң Мәдениет министрлігінің шешімімен №1 меценат куәлігі Қуаныш ағаға табыс етілді.
Бұл – шығармашылық жеңіс пе? Әрине жеңіс! Жеңіс болғанда қандай!..
Бұдан жиырма бес жыл бұрын қойылған қойылымды еске алған сайын жылуы әлі күнге бойды балқытып, ойда сыңғырлап тұруының өзі бір ғажап әсердің әмірі емес пе екен?!
Сенатор Қуаныш Сұлтанов адал дос, атпал азамат туралы айта келіп:
«Қуаныш Төлеметовтің бойында, болмысында адамгершілік, өнегелілік, бір кірпияз бекзаттық, көптеген адам қызығарлық айрықша жақсы қасиеттері мол еді. Ол сонысымен өз елінің еңсесі биік ерені, елі сүйер елеулі азаматы бола алды. Онымен араласқан бір күн болса да дәмдес-тұздас дидарласқан адамның зердесінде Қалекең туралы жүрекке жағымды әсер, көңілді көтерер көрікті пікір қалатын. Аға мәрттігін, бауырмалдығын, адалдығын, іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын, мырзалығын, көпшілдігін таныдық. Қалекең өз тіршілігінде мән берген ең үлкен шаруасының бірі – дос іздеу, дос табу, адам сыйлау, адамның адамға жақсылық жасауына ұмтылу болса, соның да жалғасы – жақсының жақсылығын айту, көз көрген замандастардың парызы болса керек», – дейді.
Қуныш аға өз өлеңінде:
Көңілге жат жағдай туса бір егер,
Аспан әлі-ақ ашыларын біле гөр.
Аңдамастан айтылатын сөз де бар,
Ағаттықты кешіру де – ұлы өнер!
Елім үшін құшағымды ашам да,
Жүрегімнен жұлдыз шашу шашам да,
Барша жанды бауыр тартқым келеді,
Адамдарды асқақ тұтып қашанда.
Төреші халық ұлтжанды азамат деп тануы – аға табиғатының ғұмырдағы сүйікті елі үшін дара тұлғасы адамдарды асқақ тұтатын қасиеті жемісті көрінісі еді.
Қуаныш Төлеметов меценаттық тұлғасы–шоқтығы биік қайраткерлігімен, имандылығымен, парасатымен өз тұғырластары арасында дараланып көрінетін. Қуаныш ағаның өзі туралы:
Мойындаймын ақындармен тел өстім,
Жүрдім талай ішінде әсем елестің.
Мен тыңдарман болатынмын, тек қана
Өз жайымда ауыз ашқан емеспін.
Қайдан алдым өлең атты мұрасты?
(Бала кезден жыр жазғаным рас-ты.)
Дос-жараннан келдім оны жасырып,
Көз жаздырып асау пырақ қыр асты…
Сәлем саған, жаны жарқын ақындар!
Ойымда бар өздеріңе жақындар.
Қазақ деген – ақын халық әрқашан
Бір қазақтай жыр жазуға қақым бар.
Биік арман асқақ тартты қалайда,
Жөн сілтеген мен сияқты талайға.
Елуімде еліктедім үмітпен,
Қырық жасында өлең жазған Абайға.
деген қаламгер сырына еріксіз иландырады. Студенттік шақтарындағы жазғандары қойын дәптерлерінде құпия іңкәрлікпен, тұмса сезіммен, бұла көңілмен буырқанып жүріп ақырында жанар таудай жарылды. Әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабек пікірінде: «Өйткені, Қуаныш Төлеметұлы аға жастық желіктің буына ұрынбаған. Поэзияның киесін пір тұтқан. Поэзияның киесінен сескенген» деп бағалапты.
Қоғам қайраткері сенатор Әли Бектаев Қуаныш ағасының жан жақтылығына орай: «Бір жақсы адам көрсем Қуаныш аға есіме түседі, бір ақынды көрсем көз алдымда ағаның келбеті тұрады, бір мәрт адамды көрсем Қалекеңе ұқсатам, бір бауырмал адамды кездестірсем Қуаныш Төлеметовтың бейнесі көзіме елестейді. Бірақ, осыншама қасиетті бір бойына жинаған адамды кездестіру өте сирек, ондайлар санаулы болады. Сол санаулылардың, аз кездесетін асылдарының бірі Қ.Төлеметов ағамыз еді» депті.
Әлидің Қуаныш ағасымен 1994 жылдан арласқанында өзінің облыстық жастар ісі, спорт және туризім басқармасына келгенде, жалпы әлеуметтік салада, қаржы жетпей жатқан уақытта, мәдениет, спорт саласындағы талай майталмандарға ұдайы жәрдемдескен нағыз меценат екендігін көреді. Атланта Олимпиадасына баратын Әбдісалан Нұрмаханов бастаған бүкіл Қазақстан боксшыларына жәрдемдесудегі – дайындалуларына, емделуіне, дем алуына, күш жинауына жағдай жасай отырып, арттарынан өзі барып жанкүйер болған және Болат Жұмаділов олимпиаданың ақтық сайысында Куба боксшысынан жеңілгенінде көзіне жас алғанын еске алады. Бокста Василий Жиров олимпиада чемпионы болды, айрықша өнері үшін Баркер кубогін иеленгендегі қуанышын баса алмай айтатын.
Керім Пірімқұлұлы Парламент Мәжілісі Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі комитеттің секретариат басқарушысы «Жақсы аға» естелігінде Қуаныш ағасының қандай шаруаны қолға алса да оған бар күш-жігерін белсенте, құйын-перен құлшына кірісетінін Еңбекші аудандық атқару комитетінің төрағасы тұсында қыруар жұмыс тындырғанының куәсі болған күндерін қимастықпен еске алады.
Еліміздің еңсегей перзенттерінің бірі Асанбай Асқаров облысқа басшылығындағы балалар темір жолы, хайуанаттар бағы мен дендробақ нысандары салынғанын былай келтіріпті: «Осы құрылыстардағы қым-қуыт, қат-қабат жұмыстардың басы қасында Қ.Төлеметов жүрді. Аудан аумағындағы күллі өндіріс орындарының тыныс-тіршілігін құрылыс қарқынына қарайластыра орайластыру тіпті де оңайға соқпайтын. Қуаныштың әмбебаптығы арқасында осы жұмыстарды орайын тауып, ойдағыдай атқарғанына ел-жұрт куә», дей келе, «Шымкенттегі фосфоршылар Мәдениет сарайының құрылысы ұзақ жылдарға созылып, «сақалды құрылыстар» сапынан орын алды. 1982 жылы Асекеңнің бастамасымен қаланың күш-қуаты осы жұмысты баянды етуге жұмылдырылды. «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші, Қуаныш аға осы құрылыстың «бас прорабы» ретінде танылды», – десе, дәл сол құрылыстарға Қуаныш ағаның тікелей басшылық жасағанын біле бермейді екенбіз.
Ұлттық құндылықтарымыздың жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың араға 62 жыл салып барып Наурыз мерекесін қазағымызға қайтарып берген сонау 1988 жылы оны Қуаныш Төлеметов ағамыздың басшылығымен Шымкентте дүрілдетіп қанша уақыт үзілістен кейін алғаш өткізілді. Оны, сол кезде Қалекеңмен бірге болған Әділхан Сұлтанбеков жыр қылып айтып отырады. «Қуаныш мәдениет саласының барлық басшыларын шақырып, Сұлтанбек Қожанов сонау 1923 жылдың өзінде Наурыздың діни мереке емес екенін айтқанын, соған қарамастан 1926 жылдан кейін атап өтуге тыйым салған бұл тамаша күнді Өзбекәлі Жәнібековтің ақтап алып, халқына табыстап отырғанын жеткізді.
– Өзгесін айтпағанда, Наурызға ара түскен осы екі тұлға да, осы Оңтүстіктің қасиетті топырағында дүниеге келген азаматтар. Сол себепті де біз оны бар мән мағынасымен, сән-салтанатымен атап өтуіміз керек», – деді.
Әділхан мырза Қуаныш ағаның басшылығымен қаладағы көшелер аттарын қызыл көсемдердің есімдерінен арылтқан болатын. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында жүректен орын алған дара тұлғалардың есімдерін қаланың ірі орталық көшелерінен бастап рет-ретімен үйлестіру жұмыстары да қалалық кеңес төрағасының табандылығы деуге болады. 1991 – 1993 ж. көше аттарының жүйелі өзгертіліп, әрқайсысына өзіне лайық мән-мазмұн берілді. Онда. Қалаға Ташкент жақтан келетін даңғыл «Республика даңғылы», Алматы-Тараздан келетін даңғыл «Жібек жолы» ал теміржол вокзалынан қалаға қарай халқымыздың бас батыры Қабанбай болып өзгертіліп, бұл істің әділеттілікпен орындалуы халықтың қолдауымен шынайы ризашылығына ие болды.
Ал Ордабасы алаңына келіп түйіскен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері ұлы тарихымыздың эпопеялық көрінісі. Сонау Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама дәуіріндегі үш бидің Ордабасы тауында жауға қарсы бас қосуының символикалық белгісіндей етілуі – Қ.Төлеметов ағамыздың әр істі атқарудағы шығармашылықпен ойлау қабілетінің биік деңгейі деп бағаласақ болар. Жалпы алғанда Қуаныш аға қала басы боп тұрғанда 170 тен астам көше аттарын өзгертіпті.
«Домалақ ана» қорының төрағасы Алтынбек Төлепбеков Қуаныш ағасын 1996 жылы Бәйдібек баба кесенесі үшін қаражат жинауды мойнына алғанын, қажырлы еңбегінің арқасында Бәйдібек баба кесенесі тұрғызылғанын мақтаныш етеді. Садырбай Ғабит арасындағы әңгімеде кесене құрылысын бастар алдын қай заманның архитектуралық сән сәйкестігіне мән берілу керектігіне Қуаныш аға: «Орта ғасырда өмір сүрген деген деректерге мен қосыла алмаймын, себебі шежіреде көрсетілген Бәйдібектің ұрпағы (немересі) Түркеш, VII ғасырда батыс-түрік қағанатын құрып – басқарған», деген дерегін айтуына қарағанда, ағаның ерте дүние тарихына жататын кезеңнен де хабары болғанын көреміз. Домалақ ана кесенесінің құрылысы аяқталып, оның ашылу салтанаты Бәйдібек бабамыздың кесенесінің бітуіне қаратылады. Осы екі ғажайып кесене де қарайлас ашылады.
Кесененің ашылу салтанатының өтуіне он шақты күн қалғанда, Қуаныш Төлеметов, жазушы Еркінбек Тұрысов, Алтынбек Төлепбеков үшеуі Жамбыл облысын аралайды. Облыс басшышсы Серік Үмбетовтің қабылдауында болады. Қ.Төлеметов аға С.Үмбетовке бәйгеге екі автокөлік және көкпарын көтеруді, оған қоса оншақты киіз үй тігуді ұсынады.
Серік Үмбетов орындайтын алға қойған міндетті айта келіп: – Қалеке, Бәйдібек бабамыздың пірі Жолбарыс екендігі және оны қоюға мүмкіндік болғанда ғой… – қойылса қатып кететінін сөзге тиек етеді. Сол күннен іске шұғыл кіріскен Қуаныш аға нәтижесіз қалмады. Не керек, той басталардан бір-ақ күн бұрын мүсін дайын болып, түнімен үлкен кранмен жолбарысты Бәйдібек баба кесенесінің алдына орнатады. Таңға дейін ұйқысыз қарбалас, тек кесененің ашылуына әрең үлгерген жұмыс болғанын сол кездегі Бәйдібек баба кесенесінің шырақшысы Мырзахан мырзадан естіген едім. Төсте туғандар түйісе қалса міндетті түрде Қуаныш ағаның аты аталмай қалмайды.
Алтынбек Төлепбеков деген құдай деген жігіт айтады: «Қуаныш аға елдегі қаламгерлерге қалтқысыз көмектесетін. Мысалы жазушылар – Серік Жәнәбіл, Еркінбек Тұрысов, ақындар – Сатыбалды Қосалыұлы, Әбілда Аймақ, Орынбасар Сүттібаев секілді көптеген қаламгерлер Қ.Төлеметов жәрдемімен кітаптарын шығарып, оқырманға белгілі болды» , деген еді. – Айтыскерлерге де сыйлықтары көп болатын. Жазушы Кеттебек Жәлел айтады: «Қалекеңнің риясыз пейіліне бөленгендер көп әрине. Жалпы бәріміз жүзден асатын шығармыз? Санаған жоқпын. Әрі, бұлар облыста тұратындар ғана. Солардың біразы Қалекеңнің қолынан пәтердің кілтін алғандар, біразы қаржылай көмек көргендер».
Мүсілім Дайырбеков Қуаныш ағаға туған ағасындай болған кісі. Сол Мүсілім аға Қуаныш інісінің Төле би бабамыздың, Рысбек батырдың, Өтеген батырдың қорына қосқан қомақты үлесін, қысқасы тарихымыздағы тұлғалардың барлық қорларына, ескерткіштеріне демеушілердің ұйытқысы болғанын айта келіп: «Ол туған халқымыздың ғана тарихын біліп қоймай басқа халықтардың да, әсіресе, көрші қырғыз, өзбек, түрікпен халықтары тарихын жүйелі түрде мұхият зерттеп, өзіне қажет деген тәрбиелік, тағылымдық өнегесін ала білді».
Қазақстанның халық әртісі Ақсақал Қалмырзаев ағамыздың Қуаныш аға қайтыс болғаннан кейін бір кездескенімізде, інісін сағынып мұңайып отырып былай деген еді: «Шәмші Қалдаяқовтың фестивалін Шымкентте өткізу жөніндегі ой Қуаныштан туған, оған мұрындық болып, басшылық еткен».
– Қуаныш драматургияға қалам тартып, «Өткендер мен өткелдер» пьесасында Жүсіпбек Аймауытов, Бектұр Аймауытов, Қарауылбек Қазиев, Шәмші Қалдаяқов және Қуаныш ағаның өзі туралы поэтикалық пьеса жазды. Осы пьесаны өзіміздің Ж. Шанин театрында Әскер Құлдантегі сахналады. Мен Бектұр Аймауытов бейнесін сомдадым. Қойылым табысты өтіп, Қазақстан Республикасы мәдениет комитеті шешімімен Алматының М. Әуезов атындағы Академиялық драма театры сахнасында Алматы көрермендеріне ұсынылады. Профессорлар: Бағыбек Құндақбаевтың, Әшірбек Сығайдың, аға жазушы Шерхан Мұртазалардың (қыс айы кезінде): «Сіздер Шымкенттің жылы көктеміндей мына жақсы қойылымдарыңмен, бізді – алматылықтарды жылыттыңдар» деген мақтаулары, тұщымды талқылауларын сол кезде «Алматы ақшамы», «Егеменді Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері жарыса жазды.
«Бәйдібектің жайлауы» (Қуаныш өлеңі) ең бірінші болып, үлкен мейрамханада әннің авторы – Сүгірәлі Сапарәлиевтің сүйемелдеуімен орындап, тұсауын кескендігін ағынан жарыла ойын тебірене жеткізуге ыңғайлана біраз үнсіз қалып сөзін жалғаған.
– Қуаныш бауырымыз ұлтымыздың ары мен намысын қорғаған Алланың адал ұлы еді. Қуанышта жүзге бөлу, руға тарту деген болмайтын. Оның жақсылығын көрген адамдар өте көп, – дей келе: – Солардың бірі мына мен өзіммін!.. Қуанышбек менің інім болса да, маған туған ағамдай қамқоршым еді. Халық әртісі ағамыздың екі көзі боталап кетті.
Рас. Қуаныш ағаның өлеңдеріне жазылған отыз шақты ән бар. «Бәдібектің жайлауы», «Ән еркесі», «Әпкеме», «Ауылым», «Елім аман», «Аппақ гүлдер» секілді әндер. Композиторлары – С.Сапарәліұлы, Қ.Сәтмұханбетова, Е.Жолдасов, Ә.Желдібаев, Т.Ізтаевтар «Әсіресе, «Әппақ гүлдер» жастар махаббатының гимніне айналып кетті десем қателеспеуім керек». Шын мәнінде бұл ән – халық әні боп кетті. Ондай әнді бүгінде хит дейді.
Құрманбек Шойынбаев ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессоры. Қуаныш ағаның өмірдегі де, өнердегі бауыры да Құрманбек айтады: 1992 жылғы 19 қыркүйекте Шымкент қаласында, Республикалық сазгерлер мен әншілердің 1-ші байқауы Ж.Шанин атындағы драма театрында өткізілетін болды. Конкурс іріктеуінде әнші Құрманбек Шойынбаев ән байқауынан белгісіз себептермен шеттетіледі. Оны естіген Қуаныш аға Қ.Шойынбаевтың қатысуын қамтамасыз етіп, нәтижесінде «Гран-при» жүлдесін жеңіп алады. Өзінің сондағы сыйлыққа жеңіп алған нар түйесінің үстіне мініп тұрып әл-Фараби атындағы алаңда, гала-концертте, Қуаныш ағаның Шәмші Қалдаяқов дүниеден өткен кезде жазған сазгер Есіркеп Жолдасовтың «Ән еркесі» әнін шырқағанын айтады. Аға көмегі арқасында «Сезім гүлі» өлеңіне жазған Құралайдың әнін орындап жүргенінде көзге түсіп, Нұрсұлтан Әбішұлының алдынан бір-ақ шығады: «Нұрекеңнің алдында Сәдіқожа атамыздың «Сары бидайы» мен Қуаныш ағаның сөзіне жазылған Е.Жолдасовтың «Ауылым» әнін орындадым. Айналайын Қуанышбек ағамның жарқын бейнесі менің жүрегім қанша уақыт соқса, сонша уақыт бірге болатынына күмәнім жоқ» деген еді Құрман інішек.
Қуаныш аға қаламының қарымымен, жазушылық қырымен танылған құнды дүниелері: Қазақстанның халық ақыны Ә.Қалыбекова, күйші Төлеген Момбеков, Қарауылбек Қазиев туралы естеліктері қағазға түсіп, көпшілікке танылды.
Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Қуаныш аға жайлы сағынышқа толы элегиялық бір мақаласында. Аспандағы айға балта сілтейтіндер, күнге тас ататындардың қай заманда да кездесететінін Құнанбай Сұлтанның Хакім баласы да құптамағанын айта келіп, сол бір қиын жылдары қоғамға қуаныштар сияқтылар болмағанда әлеуметтің жай — күйі қандай боларын айта келіп терең күрсінген : «Не десек те сатқындық пен парақорлықты, жағымпаздық пен қорқақтықты Төлеметтің ел ағасы болған көшелі ұлы Қуаныш та өз өлеңдерінде ащы жырлағанын кезінде түрлі басылымдар мен кітабынан оқығанбыз. Көңілінен алыс жатқан қоғамдағы қойыртпақтарды жеріне жеткізе әшкерелеген де Қуаныш ағамыз еді».
Қалекең бақиға көшкенде ақын досы Сатыбалды Дулати өлеңін дәлелге келтіре кетейін:
Турасын айтты – түстеді,
Ақырын жүрді – басты анық.
Адамның ісін істеді,
Алладан ғана жасқанып.
Ұлы еді таудың аршалы,
Халықтың ұлына айналған.
Бауыр тартқаны баршаны,
Басына бақ боп байланған, – деп жоқтағаны шындықтың шырағданындай әсер беретінімен дәлелдепті.
«Қайран Қуаныш аға! Ұраны адамгершіліктен ұпай алған, жыр-әні сезімдерге кәусардай дара тұлға еді – ай!!! Нені айтса да, нені жазса да жеріне жеткізе жазды» дей келе өзі асыраған базбір күшіктері балағына тіс батырғанына да тоқталыпты: «Ондайда ол пендешіліктен биік тұрды. Өкпесін қара қазанға салмады. Рухани ұяти шалажансарларды, оспадарларды кешіре білді, кек тұтпады». Қуаныш ағаның тектілігіндегі ерекшелік – ұлттық сананың шырағын жаққандарды жақын тартқандығы: Санжар Жандосов, Оралхан Бөкей, Әбдісалан Нұрмаханов, Олжас Сулейменов, Шерхан Мұртаза – солардың бір шоғыры ғана.
Міне, жоғарыдағы жүрек лүпіліндей шынайы лебіздерден ағаны таныған, нұсқалы рух лебі аңқығанын аңғарамыз.
Тай құлындай тебісіп өскен құрдасы Баһадүр Мырзатайұлы: «Қуанышты Майбұлақсыз, Майбұлақты Қуанышсыз бөле-жара айту мүмкін емес сияқты. Екеуін бейнебір тәңірлік тылсым байланыстырып тұрғандай. Осындай құтты қоныс туған жерін ол жан-тәнімен сүйетін», десе, сыныптасы Көшкінбай Елікбаев: «Қазақ елінің дамуына ХХ ғасырда Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков секілді ұлтжанды азаматтары қалай үлес қосса, Қ.Төлеметов Оңтүстік аймағы мәдениетінің дамып өркендеуіне солай үлес қосты», деген пікірлерін жеткізген. Өнегелі өмір тағылымына деген кіршіксіз таза сезімнің досқа деген шынайы мөлдір бағасы еді.
Содан, 1999 жылы Қуаныш аға ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына сайланады. Жұрттан бұрын қуанған қаламгер қауымы болыпты. Ақын Әбілда Аймақ: «… Қуаныш аға айналасынан ештеңе аямаған адам. Сол үшін Құдай Қуанышқа дәулет берген шығар, ал Қуаныш көкемдегі дәулет елдікі болатын. Қуаныш көкемнің таусылмас дәулеті – туған елі, туған елі үшін жасаған қызметі, басты дәулеті – өнері, мәңгі жасайтын өлең-жырлары еді. Міне, маған Қуаныштай аға берген де осы өнер», депті.
Керім Пірімқұлұлы Қуаныш ағаның суырып салма шешендігі жөнінде бір оқиғаны есіне түсіріпті. ҚР Экология министрлігіне іссапармен Мәжілістің бір топ депутаты келеді. Дайындық үстінде сондағы өткізілетін іс-шараға мән мағына ашатын слайдтарына белгілі адамдардың афоризмге айналған көрнекілікке қанатты сөздерінің қазақшасына әлек болып жатады. Е.Евтушенконың: «Надо так украсить землю, чтобы нее не стыдно было лечь» деген жолдарын тәржімалай алмай, ақ тер-қара тер қиналыстың үстінен түседі.
Сәлем-сауқаттан соң министрдің аузынан әлгі сөзді естіген Қуаныш аға кідірместен: «Табиғатты сыйламаған – өзін де сыйламайды, бойына асыл қасиет жинамайды» деп көзбе — көз тауып — ақ кетеді. Осы тапқырлығы ұзақ уақыт министрліктің көптеген іс-шараларының ұранына айналған екен.
Қуаныш аға Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Тито Сыздықов, Мырзакелді Кемел, Өмірғали Кенжебек, Ержан Рахметов, Төлен Тоқтасынов сынды тегеуірінді депутаттармен тізе қосып, шымыр шекте, сергек сапта болды.
Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің Қуаныш аға жайлы азалы сөзінде Парламент депутаттары арасында Қуаныш ағаның табиғатқа жанашырлығын ерекше бағалапты. Материалдық байлыққа тойымсыздар Жер деп аталатын планетамызды аяусыз тонап жатқанына, адамдардың осы бір тойымсыз озбырлығына түбінде бір залал келмес пе екен, осының ақыры қалай болар екен? Осындай араны ашылған бір заманда жаратқан құдіреттің топан суын жер бетіне жіберіп, ластан бір тазартқанын айта келіп уайымға батады. Сол кезде. «Енді қалай болар екен? – деп уайым жеген таза пенделердің бірі – Қуаныш Төлеметов деген азамат еді», депті.
Семей жеріндегі Ертістің арғы бетінднгі табиғаттың ерекше жаратылған ен байлығы – Бесқарағай орманындағы жасалған орасан қиянатты көзбен көреді. Онда әдейілеп орманды қолдан өртеп, діңдерін кесіп, қытай асырып сатқандар әшкереленді. Сатып отырған сұмдықтарын айыптаушылардың бірі Қуаныш Төлеметов болғандығына ризалығын білдіріпті.
Экология комитеті Атыраудағы мұнай мен газ өндірушілер тіршілігімен танысып, жақсысына сүйсінгенін, жаманына күйінгенін айтыпты. Ондағы мұнайдан пайда табамыз деп жүріп тонаудың бетін аша әрі өндіруде мұнайды теңізге төкпеуді, теңізді мұнаймен былғаудың салдарынан әлемде сирек кездесетін балық тұқымдары, жан-жануар, өсімдік дүниесі жұтайтынын айта келіп Қуаныш аға жергілікті билікті баса айыптапты. Шераға Қуаныш ағаның депутаттығында экология комитетіндегі ысырапшылдықтың жолын қиюдағы қыруар жанкешті еңбектерін бағалай келіп, табиғатты қорғаудың қайтпас қаһарманына теңепті.
Қуаныш ағаның жан дүниесін былай бейнелепті: «Арамызда ойнап-күліп жүрген, өмірі қабағын шытып көрмеген, байыз тауып отыруға бейімсіздеу, кілең бір қимыл мен әрекеттің адамы еді», депті. Бильярдтан шыға волейболға жүгіретінін алпысқа келсе де ауырып жүргенін сездірмей жүретінін айта келіп, сөз соңында Қуаныш Төлеметовке арнаған С.Дулатидің мына өлең жолдарын қоса кеткенді жөн көріпті:
«Қатар тудық. Қатар өстік. Құрдаспыз»
Жаздан өттік. Бір қалыпта тұрмас күз…
Сен де, мен де алпыстағы жігітпіз,
Көзін сүзген алыстағы құрдас қыз.
Ажыратпай әл-әзірге қатарды,
Арман бізді әудем жерге апарды.
Жалғыз ғана Жаратқанның қолында,
Тағы біраз созар болса сапарды..,
«Өкінішті-ақ, Жаратқан құдірет Қуаныштың ғұмыр сапарын ары қарай созбады. Жаны жаннатта болсын!» тілепті. Жазған эссесінде «Ақсұңқар тектес азамат» деп атапты. Жаназаға жиналған ел алдында Шерхан Мұртаза ағамыз тебірене сөйлеген сөз арасында: «Қуаныш өзіне өзі ескерткіш қойып кеткен адам» дегенінде күйзелмеген, өкінбеген жан қалмады…
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел мырза Қуаныш ағамен ҚР Парламент мәжілісіндегі экология комитетіндегі қызметінде бірге болған достық, түсіністік, әріптестік жағдайында төрт-бес жыл бірге жүрген кездерін өз өмірінің бақытты бір белесі санайтынын қимастықпен еске алыпты. Қуаныш Төлеметұлы ағаның белсенді қолдаушы, депутат ретінде тарих таразысынан сүрінбей өтетіндердің қатарына жатқыза келіп: «Аға бойындағы қасиеті, болмыс-бітімі, көкірегіндегі жанып тұрған шырағы арқасында заманының бар талабына сай Азамат, саясаткер және парламентші болды.
«Белгілеген мақсатыңа жету үшін, парызыңа адал болу үшін адамда тұрақтылық, табандылық, кемеңгерлік ақыл ой, ар тазалығы керек» деген ұлы Абайдың сөзі еріксіз есіңе түседі. Бұл сөздер арамыздан ерте кеткен аға-дос, әріптес Қуанышбек Төлеметұлына толық сай келеді» депті.
Мырзагелді Кемел шынайы достықтың қимас белгісіне өзінің азаматтық борышы санап 14.XII.2019 жылы Шымкент «Отырар» қалалық-әмбебеп кітапханасынан өз қаржысына оқырман көпшілікке айғақтап, Қуаныш Төлеметұлы ағасының қайраткерлігі мен шығармашылығын толық қамтитын бұрыш ашып берді. Шынайы достыққа бағышталған еңбек нәтижесі көпшілік пікірімен жоғары бағасын алды.
Талантты прозашы Жәлел Кетебек майыспайтын, сынса морт сынатын мықты қазақ еді. Сол Жәлел Фариза Оңғарсынова апамыздың наурыз айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы демалыстан қайтарда өзі іш тартып, жақсы көретін бірнеше ақын-жазушылардың басын қосып, қонақасы бергенде, Қуаныш Төлеметов ағамызды тебіреніп еске алды: «Қуаныш барда Шымкент ерекше бір шуаққа бөленіп тұратындай еді. Қараңдаршы, бір адамның кеудесінде жан жылыуының қанша зор қуаты бар?» деді. «Бұдан артық не деуге болады» дегені бізді иландырады. Оңтүстікте, қиын кезеңде, рухани қуаттың тез мүжіліп кетпеуіне мұрындық болғанын ұлттық сананың оянуына зор ықпал еткенін айта келіп қорытады: «Қалекең өзіне дейінгі қазақ интелегенциясының ең үздік дәстүрін бойына сіңіріп, ұлттың озық күштерін оятуды мақсат етті. Қ.Төлеметовтің атын тарихта сақтап қалу енді бізге парыз», екендігін ортамызға салады.
Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова алғашқылардың бірі болып: «Ұрпақтар қарап жүретін, үлгі алатын жағын ойластырып Шымкенттің бір үлкен көшесіне атын берсе ел басқарып отырған азаматтар ұтпаса ұтылмас еді деп сенемін», дегендей ұсынысы болды. Ол, Қуаныш ағаның жаңа ғасырымыздың төртінші жылының сегізінші қарашада өмірден озғанынан кейінгі ел есінде сақталатын оқиға 2011 жылы іске асты.
Өзімнің ұстазым профессор Керімбек Сыздықов Қуаныш ағамен отыз жылдың айналасында таныс-біліс болады. 70-жылдардың ішінде жазушы Қарауылбек Қазиев таныстырады. Қарауылбек іш тартатын осы Қуаныш Төлеметұлы, Сатыбалды Дулати Қосалыұлы, Нұрлан Сейітжапбаров, Шалқар Әбішов іні-достары әдебиет пен өнерге біртабан жақындықтарын, бәрінің дерлік мінез-құлық, жүріс-тұрыс тірліктерінде де Қарауылбек сияқты ашық-жарқын кеңпейіл, жомарт көңілді сері жігіттер екендігіне тоқталыпты.
Қуаныш аға күй құдыреті атанған деңгейін халқына мойындатқан Төлеген Момбековтың өнеріне ден қоя Созаққа арнайы іздеп барып күйін тыңдап, сыр шертісіп, қамқорлығын көрсеткен. Төлеген туралы «Шертпе күйдің шебері» (2001 ж.) атты кітаптың шығуына атсалысып, өзі де «Күй кеуде» деген эссесін, жазғанына өте сәтті музыкалық түйсік, сауаты мол, көкірек-көзі сергек, қаламы төселген, кәсіптік деңгейі жоғарылығын айтыпты.
«Қуаныш Төлеметұлы … Өмірге құштар, төңірегіне шуақ шашып жүретін жарқын жүзді, жаны жайсаң азамат еді. Өз қатарластарының ортасында оқшау көрінетін озық ойлы, парасатты сөйлеген сөздері дәмді де мәнді болатын.
… Ия, Қуаныш осы төңіректегі қосы да, қосағы да келіскен абзал азамат еді ғой. Жұбайы Күләш та оның өзіндей келісті, іші-тысы бірдей жарасқан сұлу, сымбатты, кісіні бірден баулап алатындай сүйкімді жан. Өсірген ұл-қыздары да өздеріндей көргенді, тағылымды, тәрбиелі… »
Мақтаулы Күләш жеңгеміз де Қуаныш ағаның балажан болғанын, сәбилерінің қуанған кездеріне ет-жүрегі елжіреп, реңі бал-бұл жайнап кететінін, әсіресе еске сақтау қабілеті жоғарылығына мынадай дәлелдерді келтіріпті. Қалың кітапты таң атқанша тауысатынына сенбестікпен кез келген жерін сынау үшін сұрағанда, толық жауап алатынына таң қалады. Тіпті достарының 500-ден аса телефон нөмірлерін жатқа білгенін, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын жатқа айта беретінін, алтыншы сыныпта Абайдың бүткіл қара сөзін жаттап алып көзге түскенін келтіріпті.
1994 жылы Лондонда туғанына 150 жыл толуына орай Абай үйі ашылып, Қуаныш аға сол істің демеушісі болады. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың осы игілікті ісіне, қайраткерлігіне риза болған Қуаныш аға: «Абай үйінің ашылуына көп адам жиналды. Лондонның мэрі және өзімен дос-жолдас болып, Шымкентке келген Стивенджейн қаласының мэрі Роберт-Файлер де қатысты. Мен Абайға арналған өлеңімді қазақша оқыдым.
Абайды аңсағанда
«Жарлы емеспін, зарлымын» –
Депті-ау қайран ұлы Абай.
Арпалыспен әр күнін,
Атандырып бұлағай.
Тас атыпты кей сүлде,
Бұғып тұрып қалыста.
Ерікеннен дейсің бе?
Мыңмен жалғыз алысса.
Жартас қапқан жаңғырық,
Ойландырмай талайын.
Сәуле түспей мәңгіріп,
Мәз боп күлген ағайын…
Дос тұтпай ілім-білімді.
Жетерсің қалай арманға?
Ел ететін тіліңді
Елемей келдің жалғанда.
Бұл қазақтың мұраты,
Өсу ме, әлде өшу ме?
Бірлік пен тірлік реті
Көзден ұшып көшуде…
«Ырыс алды – тірлікті»
Сынап жүрсең арзанға.
«Өнер алды – бірлікті»
Апарасың жанжалға.
Тұрандай елдің ұлдары,
Қайтіп дабыл қағайын?
«Заманның болма құлдары» –
Демеп пе еді Абайым?!.
Ағылшын зиялылары біздің бұл ісімізге разы болды. Сөйтіп Қазақстанның көгілдір туы Альбион жерінде желбіреп тұрды. «Көңіліміз толқып, көзімізге жас келді», деп қуанып келді. Сонда ЮНЭСКО-ның бас хатшысы Фидерико Маэрдің біздің Президентімізге қарап: «Президент мырза! Сіз Абай тойы арқылы қазақ халқын әлемге таныттыңыз», – деген сөзін қайталап айтып жүретін».
Қуаныш ағаның асыл бейнесі мен шықтай таза сезімін, домнадай лапылдап тұратын ыстық жүрегін, адами тұлғасын үйлестіруде қатты қиналдым. Қолымнан келгенінен келмегені басым тұрды. Қуаныш ағаның бүткіл болмысы бір адам – түсінік-түйсігіне сыймайтынын білсем де, жылт етіп көптен мазалаған ой кәсіби жазушылығым болмаса да, сөзді ойнатуым, сюжет құруым жетпей ме деп қорқуым бола тұра «өзім көтере алмайтын шоқпарды білегіме ілгенім бар». Қиналған кезімде о кісінің замандас дос-жарандарының аға жайлы жүрек жарды лебіздері көмекке келді. Солардың бірі әлем таныған қылқалам шебері Сальвадор Дали алтын медалінің иегері, ТМД елдеріндегі бірнеше академияның академигі, көрнекті суретші бауырымыз Ерболат Төлепбай мырза екен.
Ерболат: «Үнемі асыға жүріп аз уақыт ішінде көп жұмыс тындыру керектігін жадында ұстайтын. Санасына «үлгеру керек» дегенді қалыптастырған Қуаныш аға өмірінің соңына дейін уақытты босқа өткізбей, елге, жұртқа пайдалы-ау деген дүниелерді асыға жүріп бітіруге тырысты». Ғұмырының осыншалық аз болатындығын сезгендей алып-ұшып жүретіндігіне таңданысын білдіре, бос отырған кезін көрмегендігін тебірене еске алады. «Мен Қуаныш көкеммен әлемнің біраз жерін шарладым. Жолдастыққа өте жайлы, қамқор кісі болатын. Бүкіл қимыл-қозғалысы асығыстықтан тұратын. Артында ұлағатты із қалған асыл адамның бейнесі, адамның қасиеті жыл өткен сайын жаңғыра берері даусыз. Көке!… Қуаныш ағаның орнын басатын абзал ағалар қазір жоққа тән. Құйрықты жұлдыздай жанып өткен абзал ағаның өмірі тым қысқа болғаны жанға батады. Асығып келді… Асығып кетті».
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті актер Сәбит Оразбай ақсақал да: «Қуаныштың жүрген жері ойын-сауық тамаша болатын. Жан-жақты талантты азамат сөзін өзі жазып шығарған бірнеше әндері халыққа кеңінен таралды». Пьесса жазып Шымкенттегі Шанин театрының репертуарын байытқанын, ақындығы бір бөлек кесек тұлға еді дей келе: «Оның ерекше бір қасиеті – қазақты бөлмейтін, «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мақалды жиі айтатын, көпшіл және елдің үлкендеріне сәлем беру, қарттарымен дидарласу, олардың мұң-мұқтажын біліп, нақтылы көмектесетін, сөзіне тұратын зор тұлға еді». Сан қырлы қасиеттеріне жан-жақты сипаттама бере келе:
Сусап келген көңілдің емшісіндей,
Елгезекті жүрген жоқ ел түсінбей.
Шығарып сап, қарсы алып жүресің кіл,
Еліңнің емен жарқын елшісіндей.
Таразылап әр істің ақ, қарасын,
Ар алдында, азамат мақталасың.
Бір түйіннің шешуін аяқтап ап,
Екінші бір түйінге тап боласың.
Тағдыр солай жазыпты өз басыңа,
Аманаты халықтың аз ба сірә!
Жедел көмек көрсету міндетіңдей,
Көктемеден жүргенің жазға асыға, – деп келетін Сатыбалды Дулатидың өлеңінің үзіндісін халық әртісі Сәбит Оразбай аға әдейі келтірген сыңайлы. Сонымен алқалы жұрттың ардағы болған Қуаныш ағаның талқаны таусылды…
«Ия, ендігі бет алысы бабаларының жатқан мекені, – Алатау баурайы. Тұмса табиғаттың тұғырлы төрі – Майбұлақ. Қалың халықтың қатарында соңғы сапарға шығарып салуға келген ағайын – жұртта есеп жоқ. Алматыдан келген жора-жолдастары, Астанадағы депутаттар, басқа көзкөргендер қаланың қысталаң ауласына сыймай, көшелер толып кетті. Қаралы көш қозғалды; Ұшы қиыры ұзыннан ұзақ, көлік тізбегі қаланы қақ жарып тауға қарай беттеді. Күн жарқырап нұр септі. Күлкісі күндей, Қуаныштың ниеті болар, алды жарық болсын!.. Осындай сұрғылт көңілдің шырмауында келе жатып сары күздің, сарала жапырағы көмкерілген табиғаттың құшағына, Қуанышымызды тапсырдық. Майбұлақта мәңгілік ескрткішке айналып, табиғат аясында қалды ол. Оның рухы аппақ мамық ақша бұлттарға оралып, аспанға алысқа, ғарышқа кеткендей.
…Жүрегі түскір ақауланып отырып қолыма қалам алғандағым – осы. Менің бұл айтқаным айналайын Қуаныштың кісілік, кішілік қасиетінің жүз парасының бір парасын да аша алған жоқ.
Ой-б-о-й! Сәбит аға аяулы інісін есіне алып осылай терең күрсініпті… Естелік солай дейді.
Жазушы-журналист Мархабат Байғұт: «Қуаныш Төлеметұлы сынды айтулы азамат өлімінің нарқы мен парқы талай жұртты, қауымды тебіренте толғанысқа түсірді. Шынайы болмыс иесі Шерағаң, «аспанға алау атып, шоқ шашыратар жанартаудай» Фариза әпкеміз, тағы басқа да текті тұлғалар өздерінің сөйлеген сөздерінде, көңіл айтқан мақалаларында Қуанышбектің шын бағасын беріп жатыр», депті.
Қуанышбек ағаның Оралхан Бөкейдейін біртуар дарын иесімен өзгеше достық қарым-қатынасын тілге тиек ете келіп, Оралханның соңғы сапары алдында, Үндістанға барарындағы тілдескенінде, Оңтүстіктің халқы оның ішінде жігіттері жайлы теріс пікір қалыптастырып келгеніне, ол туралы кешірек түсінгеніне қатты өкінетінін, соңғы жылдары Оңтүстіктің жеріне де, еліне де, жігіттеріне де ғашық боп кеткенін келтірумен сабақтайды. – «Сонда бар ғой, Орекең ойының арғы жағында: «Мен Оңтүстікті мына Қуаныштай ақжарылқап азаматтар арқылы таныдым», айдан анықтұғын» деген пікірінің тұрғанын келтіріпті.
Өлімнен де өнеге қалатынына көз жеткізген Қуаныш ағаның досы Сатыбалдының «Мұң» деген естелігінен аз үзінді суыртпақтасақ:
«Асылзадам-ай! Бұл қалай болды? Неғып бұлай болды? Қараңғы құшағына сені тартпаса қара жердің қарны тоймас па? Күңірентіп кеттің, күйзелтіп кеттің. Мұндай боларын кім біліпті? Ел-жұртыңның бағдаршамы едің-ау, асылым. Сен едің ғой алқалаған ағайынның төрт құбыласын айқындап тұратын. Темірқазық жұлдызы. Кей күнде жарық күнде де қараңғылық басады. Көңіл қараңғылығы көр қараңғылығынан да үрейлі көрінетін кезі болады. Сол көңіл қараңғылығы тұмшалады. Алға адым жасау үшін қай бағытқа қарайын? Кімді бетке ұстайын? Енді елдің бағына сен сияқты ұл туып, ол атқа қонғанша кім бар, кім жоқ. «Өлінің тілін тірі алған ба», – деген күдік-күмәнді тәмсілді жұрттың бәрі біледі. Кезінде: «түбі осыдан шығар» деп өзің ішке тартып баулыған, баурыған бағландар бар. Олар сенің өсиет- насихаттарыңды жүзеге асыра алса жақсы. Құдай біледі. Бәрін де Құдай біледі», дей келе:
Амалың да, айлаң қалмай «кетпеуге»
Көңіл-көзде лаж қалмай жас төкпеуге,
Себеп қайда жоқты бармен септеуге?
Көрік басты көмір жақпай көп кеуде,
«Құдай…құдай» (ауыр сөз бар) деп мен де.
Қимай сені аттандырдық аспанға,
(Не деп кеттім есім шығып сасқанда.)
Құдайға да тілім тиді қайтейін,
Құдай ұрып мені қара басқанда.
Елестетіп естілердей ес-үнің,
Нұр-Атада ендігі өтен-бесігің.
Ал, Шымкентің саған көше байлапты,
Әрбір үйге нұрын шашқан есімің.
– деп «Шымкент қаласында ұзындығы он шақырымдай келетін көшеге атыңды бергенін дәтке демеу тұтамын-дағы. Көшеңнің ұзындығын қайтейін, өмірің қысқа болды ғой», деп күңкілдепті.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, болмысы бөлек Қуаныш Төлеметов ағаның мейірім тұнып тұратын жанары қашан да қамқор көңілі «Атымтай жомарттығың» ойынан кетпейтін обал-сауап шарасы, дархан жүрегі, мырза пейілі есімізде қалды. Есімізде елестенбей жардағы жаңғырықтай жалт қаратады. Сол кезде біздің көңілімізде, көз алдымызда қайрандағы Қуаныш аға тұрады. «Өмір ғой» – деп өзімізді жұбатқан боламыз. Көншімі кем көңілдің көнтерілігіне жығылмасқа әддіміз жоқ.
Эпилог орнына
Біздің ауылдың табиғат тәлімі Жаратылыс тәртібі бойынша жылдың төрт мерзімінде өзгеріске ұшырамайды. Ал, Құдайдың өзі қолмен қойғандай табиғат бедерлері – яғни тау мен дала өзгермейді. Біздің бала кезімізде қандай болса, бүгінде де со қалпы. Нұратаның нуы да, етегін малдан басқаға бастырмаған алып Жұрынтөбе де, Тесіктастың шор-шор шоқысы да күн ұясына құлай бере сай-салаға үрей шақыратын доланалы тоғайлар да, бәрі өзгермейді. Өзгеріске ұрынып келе жатқан қайранда ерке бұлақтар, жуас бастаулар. Солардың бір парасы мүлде жоғалып, сай-салада ізі де қалмапты. Бәрібір Майбұлақ – сол Майбұлақ. Төс – сол Төс. Ал, адамдарда ше? Осынау ардақ мекенді жайлап өмір кешіп келе жатқан ағайын бауырлар ше?! Е-е, олар ала-құла. Заманның көшінен қалмаймыз деп өкпесі өшіп, аласұрып жүргені.
Мен туа бітті Майбұлақтың тумасы болғандықтан елге бармай тұрман. Ауылдан қонысым шалғайлау болса да ел дегенде еңезем құрып тұрады. Аптасына болмаса да ай аралатып ауылға барам. Туған топырағыма табаным тигенде-ақ ыстық шарпып жаратылыс тылсымы өз құзырына иліктірген күй кешемін. Басқа уақытта болмайтын болмыс құшағына еніп, еріксіз бөленесің. Себебі менің алтын қазығым со жерге қағылған. Жеті атадан бері туыс-тума, ағайын-жұрағаттарым, ата-анамның бейіті бар онда. Ол жерде Нұрата әулие бар.
Нұрата демекші, Қақпатастағы Тесіктасқа тақау біздің үйге баратын жол тура сол Нұратаның түбінен өтеді. Мойын бұрмауға болмайды. Қайтсең де көзің түседі. «Бәріміз – пендеміз, періште емеспіз». Әрдайым жаратылысымды бар жан-тәніммен Құдайдың құлы болу жолына біртабан жақындатуды мақсат тұта, Нұрата әулие бабамыздың сағанасына қарай бұрылып келе жатамын. Сыртқы қақпасының қабырғасында қатырып орнатқан қақпақтай қара мәрмәрға әулие бабамыздың жаңа сағанасын тұрғызуға, онда да азиялық үлгімен ислами құрылыс үлгісін көрсетіп тұрған, көп қаржы шығарған құдайдың құлының есім сойы шекіп жазылған. Онда не сөз жазылған дейсіз ғой. Озық үлгідегі «Сағана құрылысын өз қаражаттарына салдырған ауыл азаматтары Қуаныш Төлеметұлы, Ақжол Асқарұлы». Бар жазу – осы. «Алда айналайын бауырым-ай! Әулие бабамыздың да қамын қарастырып кетіп едің-ау».
Мазарат кіре берісіндегі есігінен оң аяқпен аттадым. Пенделігіміз ойға еріксіз орала, періште еместігіміз мойындала көзім тұманданып, кеңсірігім ашылды. Сағанаға кірмес бұрын қолтығындағы егіз бұлаққа түсіп қолы-басымды шайдым. Нұратаның қабірі алдына жүгініп, рухқа құран бағыштаймын. Оқылған сүрелерім бөле-жармай Нұратаның және қалың қорымдағы бақилық болғандарымыз бен жаныма жақын әруақтарға бағышталады. Оның ішінде Қуаныш ағамның аты-жөні аталады. Көңіл толқыны болады. Кірерде босаған бойым ширап, қауырсындай жеңіл тартады. Енді кетуім керек. Біздікі сол түбі таусылмайтын ит-тіршіліктің қамы. Мен далаға беттеймін. Аспанға қарасам шырқау көктен көрінген алып ақ құс кере құлаш қанатын жайып тастап, бірқалыпты міз бақпай қалқып тұр екен.
Жақсылық СЫДЫҚБАЙҰЛЫ.