Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Шымкентцемент» ЖШС құрылысын жүргізген спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Құрылысы 2023 жылдың қазан айында басталған спорт кешеніне 88 млн теңге инвестиция тартылған.
Мерекелік шараға кәсіпкер Сәуірбай Есжанов, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, «Шымкентцемент» ЖШС директоры Иван Пак арнайы қатысып, округ халқының қуанышына ортақтасты.
Спорт саласын өркендету мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану бағытында жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлер осындай бастамаларды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде табысты жүзеге асырып, жаңа спорт кешендерін салуда, спорттық ұйымдардың инфрақұрылымын дамытуда.
Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы Әлімқұлов: «Ел мерейін ер арттырады, ер мерейін ел арттырады» деген қанатты сөз бар халқымызда. Елімізде соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз бен шыққан асуларымыз да аз емес. Соның ішінде спорт саласында да елеулі жетістіктерге қол жеткізудеміз», – деді құттықтау сөзінде.
Ауданда тұрғындардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына жағдай жасау және ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында қазіргі уақытта 371 спорттық нысан жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Жастық» стадионы, «Бәйшешек» оқу жаттығу орталығы, тау шаңғы базасы, мектептік ашық спорттық комплекс, 2 жүзу бассейні, 3 спорт кешені, 55 спортзал, 8 мылтық ату тирі, 5 спорттық манеж, 282 жазық алаңша, 13 бейімделген спортзал бар.
Салтанатты шарада ауданда бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, балалардың дене шынықтырумен айналысуына қолдау көрсеткен бірқатар азаматтарға аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табыс етілді.
Мерекелік жиында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, танымал эстрада әншісі Алтынай Жорабаева, дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева және аудан өнерпаздары ән шырқап, халықтың ықыласына бөленді.
«Төлеби-ақпарат».