Көрнекті жазушы, журналист, аудармашы, «Алаш» әдеби сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығының иегері, «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толуына орай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мархабат оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өткізілді. Байқау жазушының рухани мұрасын кеңінен насихаттап, жас ұрпақты көркем әдебиетті сүюге, сөз өнеріне құрметпен қарауға баулуды мақсат етті. Аталған байқауға аудандық кітапхана және Бірінші Мамыр ауылдық кітапханасының оқырманы, Бірінші Мамыр жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Гаухар Ералхан қатысты. Байқауда Гаухар өзінің ерекше талантын көрсете білді. Байқаудың иллюстрациялық сурет бағытына қатысқан Г.Ералхан жазушы шығармаларына арнап салған суреттері үшін Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Гаухардың салған суреттері тек көркемдік тұрғыдан ғана емес, мазмұн тереңдігімен, шығарманың мәнін аша білуімен де ерекшеленді. Қазылар алқасы оның көркемдік талғамын, шығармашылық ізденісін жоғары бағалап, бұл жеңісті әділ деп таныды.
Гаухар кітапханада өткізілетін барлық мәдени-ағартушылық іс-шараларға тұрақты түрде қатысып, өзінің белсенділігімен, жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Қандай іс-шара болсын, әдеби кештерден бастап сурет көрмелеріне дейін Гаухардың қатысуынсыз өтпейді. Осындай ізденімпаз, дарынды жастар көбейсе, ұлттық руханиятымыздың болашағы жарқын болмақ. Гаухар Ералхан – рухани ортаның мақтанышы, ұрпаққа үлгі болатын жас тұлға.
Р.Сәрсебекова,
аудандық кітапхана библиографы.