Кезінде «Ильич жолы» және «Путь Ильича» газеттерінің редакциясы қазіргі №2 қазақ орта мектебіне қарама-қарсы үйге орналасқан еді. Ол кезде мен осы мектепте оқитын кішкентай бала болатынмын. Сол уақытта газеттің редакторы Сағындықов Әбдіраш, оның орынбасары, естен шықпаса, Руднев Иван, қазақ газетінің жауапты хатшысы әрі орынбасары әкем Ахметов Нұсрат болатын. Газеттердің мақалалары ол заманда қорғасынға құйылып, қателері әбден тексеріліп болған соң, редактор қол қойып, шығаруға рұқсат беретін. Бұл жайында мен кейінірек, 1975 жылы орта мектепті бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, еңбек жолымды газеттер баспаханасында бастағанда білдім.
Кейін газеттер редакциясы мен баспахана бір жерге, қазіргі «Баспахана» ЖШС орналасқан ғимаратқа көшті. Редакцияда орыс газетінің жауапты хатшысы болып Высоцкая Раиса Николаевна, қазақ газетінің жауапты хатшысы Абылаев Мәзрапша, ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ғарифулла Шыбынтаев, мәдениет және хаттар бөлімінің меңгерушісі Баударбеков Кәдірбек пен тілші Лим Тамара, редактордың орыс газеті бойынша орынбасары Қатшыбекова Зейнегүл, корректорлар Қалима Әбдірахманова мен Высоцкая Валентина жұмыс істеді. 1975 жылы күзде ауылшаруашылығы бөлімінің тілшісі қызметіне курстасым Әбдімәлік Рахманқұлов кірісті. Өнеркәсіп бөлімін Аблаев Мәлік басқарды. Уақыт оза ұжымға Сүттібаев Орынбасар, Көпбаев Темірғали, Монтаев Берік, Жексенбаев Серік сынды жас журналистер легі қосылды.
Қазіргі технология дамыған заманда журналистер компьютер қолданып, барлық жұмыстарын электронды әдіспен жасайтын болса, ол кезде әріп теретін машинкаларда жұмыс істейтін Байболова Құрманкүл мен Тамара Грушко газеттің кезекті саны толғанша тілшілер мен аудармашылардың жұмыстарын машинкаға басумен көздері талып, үйлеріне кеш бата, ымырт жабылғанда қайтатын.
Осы естелік мақаланың тақырыбын «Журналистер бесігі» деп бекер қойған жоқпын. Газеттер редакторы Әбдіраш Сағындықов қатал басшы болатын. Жұмыста жіберген кемшіліктер, әсіресе, қателер үшін кінәліге қатаң жаза қолданатын. Ал Ғарифулла Шыбынтаев, Нұсрат Ахметов, Высоцкая Раиса Николаевна мен Қатшыбекова Зейнегүл ондай кінәлілерді жұбатып қана қоймай, ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын.
Есімде қалған өз басымнан өткен бір оқиғаны баяндайын. Кеңес заманында мамыр мерекелерінің бірінде Ленгір қаласындағы орталық алаңда жүргенімде, аудандық милиция бастығының тәрбие және кадр жұмысы бойынша орынбасары (аты-жөні есте қалмапты): «Біркөлік» демалыс аймағында кісі өлтірілді, сіз журналистсіз ғой, қылмыс жасалған жерге бірге барып келейік», деген соң, мен келісім бердім. Кейін мақалам жарық көрді. Тағы бір кісі өлтіру қылмысын жасырмақ болған қанішерлер мәйітті Түркістан қаласындағы құдыққа тыққан. Бұл мақала да жарық көрді. Көп ұзамай редакцияға қылмыскерлердің туған-туыстары мені іздеп келгенде, әдетте, тумысынан жауынгер мінезді Қатшыбекова Зейнегүл әлгілерді қуып шығып, сол сәт милицияға хабар берді. Кейін қылмыскерлердің сотына қатысқанда өрекпіп, менен өш алғысы келген олардың қой аузынан шөп алмайтын моп-момақан бола қалуының куәсі болдым. Қатшыбекова Зейнегүлге бар ықыласыммен рахметімді айтқанда, ол кісі: «Ілияс, біздің мамандықта қауіп-қатерлер де болып тұрады, мұндайда біз бір-бірімізге ынтымақтастық танытып, журналистік намыс пен ар-ожданға кір келтірмейтіндей әрекеттер жасамасақ, несіне журналист болып жүрміз?» деген пайымдауын сол кездегі мен, жас журналист, алдағы өмірімнің басты қағидаты етіп қабылдадым. Журналистер бесігінен алған ең басты әрі маңызды алғашқы сабағым осы болды.
Әкем Ахметов Нұсрат, анам Байболова Құрманкүл, ұлым Ахметов Төлеген осы газет редакциясында жұмыс істегенін мақтан етемін. Талай ақиық, қаламы жүйрік, шығармашылығы кемеріне жетіп, халықтың мүддесін қорғайтын мақсатты бірінші кезекке қойған осы газеттің бұрынғы қызметкерлеріне, 50 жылдан бері қолынан қаламы түспеген газеттің бас редакторы Рахманқұлов Әбдімәлікке, оның орынбасары Сүттібаев Орынбасарға, газеттің бөлім меңгерушісі Иманәлиева Ақжанға, ұжым мүшелеріне таза көңілден шыққан алғысымды айтып, шығармашылық шабыт пен үлкен жетістіктерге жетуіне жүректен шыққан ақ тілегімді жеткізе отырып, газеттің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Ілияс АХМЕТОВ,
«Төлеби туы» газеті редакциясының
бұрынғы қызметкері.
Ленгір қаласы.