Болгария елінің астанасы – София қаласында 24 ақпан мен 2 наурыз аралығында ерлер және әйелдер арасында өткен екінші Әлем чемпионаты саналатын әйгілі Странджа Кубогына 18 мемлекеттен 300-ден астам былғары қолғап шеберлері жиналды.
Странджа Кубогы – Болгарияда жыл сайын өткізілетін бокстан халықаралық турнир.
Халықаралық турнирге Қазақстан құрамасы сапында Түркістан облысы, Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Сабырхан Төрехан 67 кг салмақта өнер көрсетіп, ақтық сайыста әзірбайжандық боксшыны 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, алтын медальмен қатар турнирдің «Ең үздік боксшысы» номинациясының иегері атанды!
Жалпы, Қазақстан құрамасы бұл дәстүрлі турнирде есепте 5 алтын, 9 күміс, 4 қола медальмен жалпыкомандалық І орынға шықты. ІІ орынды Өзбекстан құрамасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен иеленсе, ринг иелері – Болгария командасы 2 алтын, 3 қола медальмен ІІІ орынға тұрақтады.
Қазақстан құрама командасын, шәкіртіміз Төреханды және әріптесіміз ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Илияс Оралбековті Странджа Кубогы бокс турниріндегі үздік жетістіктерімен құттықтаймыз!
Естеріңізге сала кетейін, Төрехан – жасөспірімдер және жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы. 2024 жылы Черногорияда ересектер арасында Әлем чемпионы атанған болатын.
Алдағы уақытта да боксшыларымыз Әлем, Азия және халықаралық чемпионаттарда биік тұғырдан көрініп, көк туымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды шырқата береді деп сенеміз.
Н.КЕНБАЕВ,
№3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері.