Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі 4 мәселе қаралды.
Аудан аумағында өрттің және улы газдан уланудың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстары жайында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Медет Шаңбаев баяндады. Аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы тұрақты түрде өткізілуде. Ленгір қаласында орналасқан LED экранында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша видеороликтер көрсетілді. Алдағы уақытта аудан аумағында болуы мүмкін өрттердің алдын алу және сөндіру мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. Шалғай ауылдарға маусымдық өрт сөндіру бекеттерін ашу жоспарлануда. 561 өрт гидранттарының 232-сі жарамсыз жағдайда. 2024 жылы аудан аумағында газдан улану фактісі тіркелмеген.
Су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев баяндады. Сайрамсу, Оңтүстік елді мекенінде Балдыберек өзендерінің арнасына түзеу жұмыстары жүргізілді. 30 адамнан тұратын еріктілер тобы құрылды. Аудан әкімдігіне қарасты 5 коммуналдық мекемедегі әртүрлі 25 техника қызмет жасауға дайын. Сонымен қатар елді мекендердің ішкі ирригация жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізіліп, үйлерге су кіру қаупін алдын алу мақсатында 3 мың дана қап құм қапталып, қауіпті аймақтарға жеткізілді. Одан бөлек «Жарық жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базасында 500 дана қап құм қапталып, дайындыққа келтірілген.
«Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысы және аудан аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан нысандар туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев хабарлама жасады. Былтырғы жылдың наурыз айынан осы кезеңге дейін 108 сенбілік өткізілген. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес 150 хаттама толтырылған. 2025 жылға 505-бап бойынша 40 хаттама толтырылып, 497 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. @TazаQazBot телеграмм каналы арқылы 119 өтінім түсіп, оның 5-уі бойынша жұмыстар жүргізілуде, 114-не дер кезінде жауап берілген.
2025 жылы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша 58 нысанның құрылысы басталды. Аудандағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімімен 19 нысан құрылысы жүргізілуде.
Жиын барысында құрылыс саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Аудан әкімі бүгінге дейін созбалаңға салынып, орындалмаған тапсырмаларға жауаптылардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті.
Облыс, аудан әкімінің берген хаттамалық тапсырмалары дер кезінде орындалуы қажеттігін айтып, халықтың талап-тілектері мерзімінде орындалу керектігін ескертті. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстарды ширатуды тапсырды.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.