Құрметті төлебиліктер!
Сіздерді еліміздің айбынды мерекесі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын!
Бұл күн Отанымызға қызмет етіп, еліміздің егемендігі мен ұлттық мүдделерін қорғайтын, оның тарихи жеңісті дәстүрлерін жалғастырып келе жатқан барша азаматтарға ерекше құрмет болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елін қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі» деді мерекелік құттықтау сөзінде.
Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі. Отан қорғаушы күнiн Жеңiс мерекесi қарсаңында атап өтуiмiз тегiн емес. Бұл үздiк әскери дәстүрлердiң сақталғанының, ұрпақтар сабақтастығының көрiнiсi.
Отан үшін от кешіп, Жеңіс күнін жақындатқан саңлақтардың рухына құран бағыштап, еске алуға арналған мерекенің әрбіріміз үшін, қоғам мен мемлекет үшін де маңызы ерекше. Сұрапыл соғыста қаза тауып, халқы үшін құрбан болған жауынгерлердің есімдерін ардақтап ұлықтап, құрметпен еске аламыз. Тарих еншісінде қалған соғыс енді қайталанбасын деп тілеп, сондағы айбарлы ата-апаларымыздың жан аямас жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне құрметпен бас иеміз.
Ұлы Отан соғысына Төлеби ауданынан 10862 жауынгер қатысты. 5 жерлесіміз Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды, жүздеген жауынгерлеріміз «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерінің иегері атанды. Жеңіс жауынгерлерінің ерлігі мен өрлігі ұрпақ жадында мәңгі қалмақ.
Қос мереке құтты болсын! Қарулы Күштеріміздің мерейі үстем болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Е.Әлімқұлов.