Өткен жылдың соңғы күндерінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ленгір қаласындағы «Millenium palace» салтанат сарайында Жаңажылдық шырша тойы өтті. Мереке көпбалалы отбасы балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балалар мен өнер, білім, спортта жоғары жетістіктерге жетіп жүрген оқушыларға арналды.
Карнавалдық, ертегі кейіпкерлерінің киімдерін киген балалар «Қош келдің, Жаңа жылым!» әнімен әсем безендірілген шыршаны айнала жүрді. Балалардың шақыруымен ортаға келген Аяз ата мен Қарша қыз шыршаның шамын жағып, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Салтанатты шараға арнайы келген аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров оқушыларды Жаңа жылмен құттықтап, сыйлықтар мен мерекеге арнап дайындалған торттан үлестірді.
Шырша тойда балалар өз өнерлерін ортаға салып, Аяз ата мен Қарша қыздан сыйлықтарын алды.
Ауданның бас ұстазы да мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына, ұстаздарға жаңажылдық тілегін арнады.
Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мерекеде ертегі персонаждарының қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Мереке соңында балалар өздеріне арнап жайылған дастарханнан дәм татты.
«Төлеби-ақпарат».