Сұлтанбек Тойлыбекұлы Өтебаев Алатау ауылының тумасы. Бір сөзбен айтқанда, тау баласы. Ес білгеннен тауға қарап өсіп, 2003 жылы Алатау орта мектебін бітірген. Ол өткен 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы үздіктер қатарынан көрініп, «Жылдың ең үздік мал дәрігері» аталымымен марапатталды.
Халыққа қызмет ететін қарапайым еңбек адамдарына адал еңбегіне қарай құрмет көрсетіп, елге жасаған еңбегін жария етіп жатудың ешқандай артықтығы жоқ деп ойлаймын. Жақын арада жыл үздігі атанған Сұлтанбекпен жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. Аз да болса өзі жайлы әңгімелеп беруін өтіндім.
– Мектеп бітірген жылы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсіп кетуге мүмкіндігім бар еді. Мен өмір көріп, өзімді ең алдымен қара жұмыс істеп шыңдап көрейін деп ойладым. Ол кездері алысқа ұзағымыз келмесе де, ауылда біз істейтін жұмыс жоқ болатын. Ауылдағы өзім қатарлас бірнеше жігіт болып, Астанаға аттанып кеттік. Пәтер жалдап тұрып, құрылыста еңбек еттік. Астанадағы жаңадан салынған көпқабатты үйлердің кірпішін қалауға біздің де саусағымыздың ұшы тиген. Кейіннен Алматы қаласына барып, онда да құрылыста жұмыс істедік. Осылайша арада сегіз жылдың зулап өте шыққанын өзіміз де аңғармай қалыппыз. Не дегенмен ауылдың аты ауыл, туған жерге деген сағынышың бір күн де басылмайды екен. 2011 жылы туған жерге оралып, әуелі Киелітас ауылдық округіндегі малдәрігерлік бекетте жүргізуші болып жұмыс істедім. Бекет меңгерушісі Нұржан Әбдіров болатын. Не дегенмен де ес білгеннен малға қарап өскен ауыл баласымын ғой, бірге жұмыс істейтін жігіттерге көмек көрсеткенімде әзіл-шынын араластырып ветеринар болуға икемімнің бар екенін айтып мақтап қояды. Не керек сол жылы Тассайдағы аграрлық колледжге оқуға түсіп, 2 жыл 10 ай оқып, ветеринар мамандығын алып, еңбек жолымды Киелітас ауылдық округінде одан әрі жалғатырдым, – дейді.
Білімін одан әрі жетілдіруді мақсат тұтқан Сұлтанбек 2019 жылы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университеттің ветеринарлық медицина факультетінің кешкі бөліміне оқуға түседі. Өз кәсібін терең игеріп, біліктілігін жетілдіре түскен жас маман 2020 жылдың маусым айында Аққұм ауылдық округі малдәрігерлік бекетінің меңгерушілігіне тағайындалады. Тағы екі жылды артқа салып, аудандағы халық саны көп, ең іргелі ауылдық округтердің бірі Көксәйектегі малдәрігерлік бекеттің меңгерушілігіне қызметке ауыстырылады.
– Біздің есебіміз бойынша Көксәйек ауылдық округі аумағы тұрғындарында 4521 ірі қара, 18900 уақ мал, 5228 жылқы бар. Алдын-ала жүргізілген ветеринарлық шаралардың нәтижесінде осында қызметке келгелі бері мал арасында аса қауіпті дейтіндей жұқпалы ауруға жол берілген жоқ.
Малдәрігерлік бекетте өзімді қосқанда барлығы 12 адам жұмыс істейді. Атап айтқанда: Батырғали Құдайқұлов, Сансызбай Сүлейменов, Бағлан Оралбай, Айкүміс Қадырова жоғары білімді мал дәрігері болса, Сапаралы Әлібеков, Охап Қаратаев, Бауыржан Әбдіраманов, Ардақ Дәрменов, Смағұл Қаратай, Нұрлыбек Әбдірахманов, Зулыпия Расметова ветеринарлық фельдшер қызметін атқаруда. Олардың әрқайсысына ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін жеке учаскелелер бөлініп берілген, – дейді Сұлтанбек.
– Бұрындары ветеринария саласы қызметкерлеріне айлық жалақысы уақытылы төленбей, басқа да қиындықтарға кездесіп жүретінін естігенбіз, бүгіндері қалай? – деймін мен Сұлтанбектен сыр тартып.
– Айлық жалақымызды дер кезінде аламыз. Мүмкіндігінше басқа да жағдай жасалуда, біртіндеп біздің салаға жете назар аударыла бастағанына ризамыз, – дейді ол.
Өздеріңіз білесіздер, қазақ атам заманнан бері бір-бірімен жолығып сәлемдескенде: «Мал-жан аман ба?», – деп саулық сұрасады. Бірінші жанның емес, малдың жайын сұрап біледі. Бұл дегеніңіз қазақтың малды, байлықты жанынан артық жақсы көргендігінен болмаса керек. Себебі, қолда мал аман болса, қарын да тоқ, көйлек те көк, денсаулық та жақсы, жанымыз да аман болады. Осы орайда ветеринар мамандардың елге сіңірген еңбектері, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлестері өлшеусіз екендігін мойындауымыз керек. Жұмыстары да жеңіл емес. Кейде адамның өзі бір-бірімен түсініспей жатқанда, бұл сала мамандарына малмен жұмыс істеу әсте оңай соқпаса керек.
Иә, тау баласы қашанда тауға қарап өседі. Сұлтанбек ініміз өнегелі отбасы иесі. Зайыбы Ұлжалғас Тұрғанбаев банк саласы маманы. Алтын асықтай перзенттер тәрбиелеп, бақыт пен қуанышқа кенеліп отырған отбасылардың бірі.
С.ОРЫНБАСАР.
Көксәйек ауылдық округі.