Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының жылдық жоспарына сәйкес 2025 жылдың 17-18 сәуір күндері Отырар ауданындағы «Оқсыз» спорт кешенінде қазақ күресінен «Ұстаз барысы – 2025» байқауының облыстық кезеңі өтті.
Байқауда 100-ден аса мұғалім 7 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Жоғары деңгейде өткен тартысты белдесулер нәтижесінде шын мықтылар анықталды. Төлебилік ұстаз Әбубәкір Орынбек «Ұстаз барысы – 2025» байқауының абсолют чемпионы боп танылды! 100 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен палуан ұстаз – Т.Тоғысбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі. Ол бұған дейін аудандық кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, облыстық кезеңге жолдама алған болатын.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығы, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы, сондай-ақ Отырар ауданы әкімдігі тарапынан берілген арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Бұл байқау ұстаздардың тек білім саласында ғана емес, спортта да белсенді, жігерлі, рухы мықты тұлға екенін дәлелдеді.
«Төлеби-ақпарат».