Түркістан облысы әкімдігімен бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының «Жасыл толқын» кезеңіне орай аудан аумағында жалпыаудандық сенбілік өтуде.
Тазалық шарасы жұма және сенбі күндерге белгіленіп, барлық ауылдық округтер өз әкімшілік аумақтарында сенбілік ұйымдастырып, жол жиегі, көше бойы, саябақ, скверлерді, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазалап қана қоймай, ағаш егу, қураған ағаш бұталарын кесу, ағаш түптерін әктеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар сенбілікке шыққан белсенділер өзен жағалауларын күл-қоқыстан, сынған ағаш бұтақтарынан, өзен ағысына кедергі келтіретін пластик, шыны бөтелкелерден тазартуда.
Өткен аптадағы кезекті сенбілік Ленгір қаласындағы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын Ленгерка өзенінің бойын түрлі қоқыстардан тазарту мақсатында өтті. Аудан халқы, еріктілер, жастар, кәсіпкерлік нысан иелері, мекеме кызметкерлері, жалпы 1200 адам, 25 техника жұмылдырылған тазалық шарасында 28 тонна қоқыс жиналып, арнайы орынға шығарылды.
Аудан халқы арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы сенбілік шаралары жыл бойы жалғасын табады.
«Төлеби-ақпарат».