Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында сәуірдің 13-18-і аралығында спорттық және жауынгерлік самбодан 2008-2009 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар, жастар арасында Азия және Океания чемпионаты өтті.
Байрақты бәсекеге 25 мемлекеттен 400-ден аса жас самбошы қатысты. Қазақстан ұлттық құрама сапында Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Ұзақбаева Ақжібек (суретте сол жақтан екінші) 50 кг салмақта спорттық самбодан өнер көрсетіп, барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, алтыннан алқа тағып, Азия чемпионы атанды!
Жалпы, Қазақстан жасөспірім қыздар құрама командасы бұл чемпионатта 5 алтын, 5 күміс, 5 қола медальға қол жеткізіп, ІІ орынға тұрақтады. Ал жастар арасында қазақстандықтар 8 алтын, 5 күміс, 13 қола медальға ие болып, І орынға шықты.
Естеріңізге сала кетейін, Ұзақбаева Ақжібек самбодан Түркістан облысының абсолютті чемпионы, 2024 жылы сәуір айының 5-9-ы күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен ҚР чемионатында 44 кг салмақта өнер көрсетіп, спорттық самбодан ҚР чемпионы атанған болатын. Сол жылы мамырдың 11-15-і күндері аралығында Ақтау қаласында Азия және Океания Чемпионатында ІІІ орынға ие болған еді. Енді, міне, биыл Ақжібек Азия чемпионы атанып отыр.
Ақжібекті және бапкері дзюдодан және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан Әлем чемпионы Нәбиев Мәдиді Азия чемпионатындағы жоғары жетістіктерімен құттықтаймыз!
Алдағы уақытта Ақжібек ару қызымыз жан-жақты дайындықпен Әлем чемпионатына қатысып, көк туымызды көкте желбіретеді деп сенеміз!
Н.КЕНБАЕВ,
аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері.