Түркістан қаласында республикалық «Ясауитану-2025» байқауы өз мәресіне жетті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 70-тен аса оқушы қатысты. Қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін дәріптеу мақсатында өткен республикалық Ясауитану байқауында төлебилік оқушы Бас жүлдеге лайық деп танылды! Ол – Қазанғап Байболов атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Қолтай Феруза (суретте оң жақта). Бұл – терең білім мен тынымсыз еңбектің, ізденіс пен табандылықтың жемісі!
Жеңімпаз шәкіртке бағыт-бағдар беріп, байқауға дайындаған жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құдиярова Шолпан ұстаз (суретте сол жақта).
Қатысушылар «Ясауи мұрасы – балаға аманат», «Білімді мыңды жығар алысқанда», «Ой жүйрік» атты үш кезең бойынша өзара сайысқа түсті. Оқушылар хикметтерді жатқа оқып, ұғымдарды түсіндірді, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Бұл жеңіс – тек мектеп ұжымының емес, Төлеби ауданының мақтанышы!
Бір айта кететіні, Феруза біздің редакциядан шығатын ұстаздар мен оқушыларға арналған «Білім әлемі» газетіне жазған мақалаларын жиі жолдап тұрады. Шығармашыл шәкіртке жеңісті күндерің көп болсын дейміз!
«Төлеби-ақпарат».