Құрметті аудан тұрғындары!
Ардақты ағайын!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халықтар арасындағы бірлік пен татулықты дәріптеуге арналған мерекенің көпұлтты еліміз үшін маңызы зор. Қазақ елі мен жері – ежелден сан алуан мәдениеттер мен өркениеттерді тоғыстырып, қонақжайлық, бауырмашылдық, кеңпейілдік, үлкенге ізет, кішіге құрмет секілді асыл қасиеттерімен танылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке. Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды», – деді құттықтау сөзінде.
Халқымызда «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген даналық сөз бар. Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты ауданымызда бүгінгі таңда 30-дан астам ұлттың өкілдері достықта, өзара сыйластықта өмір сүруде. Ауданымыздағы 6 этномәдени орталық Төле бабамыздың «Ынтымақ – ырыс қайнары» деген даналығын алға тарта отырып, ортақ мақсат пен мүдде жолында еңбек етуде.
Бәріміздің басты арманымыз баянды бірлік пен кемел келісіммен өмір сүру. Татулық пен бірлікті сақтау ең алдымен әрбіріміздің қажырлы еңбегіміз бен өзара түсіністігімізге, ішкі тұрақтылығымыз бен пайымды парасаттылығымызға байланысты. Бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз ұлтаралық ауызбірлік пен шынайы түсіністіктің, ең бастысы, Қазақстанға ғана тән салиқалы саясаттың жемісі.
Бірлігі жарасқан жұртымыздың абыройы асқақ болсын! Әр шаңырақта татулық пен өзара сыйластық болсын!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Е.Әлімқұлов.