Ленгірдегі №8 колледжде Жұмысшы мамандықтар жылына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Кәсіптік бағдар беру – табысты болашаққа маңызды қадам» тақырыбында кәсіпорындар мен орта бизнес өкілдерінің қатысуымен Ашық есік күні өтті.
Іс-шараның басты мақсаты мектеп оқушыларын колледжде оқытылатын мамандықтардың түрлерімен таныстыру, оқу орнының соңғы жылдардағы жеткен жетістіктері туралы ақпарат беру болды. Ашық есік күні еңбек нарығындағы сұраныстар негізінде кәсіби бағдар беру жұмысының тиімді жүйесін құру, мектеп оқушыларын мамандық таңдауда керекті мәліметтер және ақпараттармен қамтамасыз ету, техникалық және кәсіптік білім беру аясында мектептер мен колледждер арасында әлеуметтік серіктестікті дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Ашық есік күніне Түркістан облысының білім басқармасына қарасты мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Нышан Тасболатұлы Байғұтов, облыстық және аудандық мәсихат депутаттары, Төлеби ауданының Мансап орталығының басшысы, ауданының полиция басшысының орынбасары, Жастар ресурстық орталығының басшысы, әлеуметтік серіктестік компаниясының басшылары, сонымен қатар ауданда орналасқан жалпы білім беретін мектептердің кәсіптік бағдар беруші педагогтары мен 800-ге жуық оқушы қатысты.
Мектеп оқушыларына колледждегі мамандықтар бойынша мәліметтер берілді және колледжге түсу тәртібі, оқу жүйесі және колледжде білім алудың тиімділігі жайлы толық ақпарат ұсынылды. Оқушылар мамандықтардың көрмесін және колледж туралы бейноролик тамашалап, біраз мағлұмат алды. Одан басқа, оқушыларға колледж туралы брошюралар таратылды.
Бағдарламаның жоспарына сәйкес келген қонақтар мен мектеп оқушыларына оқу зертханалардың материалдық-техникалық базасымен және колледждің, педагогтердің жетістіктерімен колледждің директоры Қалиева Нұрсұлу Әбдешқызы таныстырып, колледжде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Ашық есік күніне келген мектеп оқушылары мен қонақтарды колледждің педагог қызметкерлері жылы қарсы алып, олардың барлық сұрақтарына жауап берді.
Аталған іс-шара колледждің болашақ талапкерлеріне есігін айқара ашып, мамандық таңдауға сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.
«Төлеби-ақпарат».