Ұстаз еңбегінің ең биік бағасы – шәкіртінің жетістігі. Ал сол жетістіктің мемлекет тарапынан мойындалып, жоғары марапатқа ие болу – педагог үшін зор абырой. Төлеби аудандық мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Сәкен Дәлмырзаевтың кәсіби жолы осындай еңбектің жарқын үлгісі.
Сәкен Әбдіманатұлы Дәлмырзаев – дарынды оқушыларды білім мен ізденіске баулып, олардың қабілетін шыңдап жүрген педагог-шебер санатты білікті ұстаз. Ол 1999 жылдан бері осы білім ордасында еңбек етіп, отыз жылға жуық ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келеді.
Педагогтің басты ұстанымы – шәкіртінің бойындағы қабілетті дер кезінде танып, оны дамытуға бағыт-бағдар беру. Осы мақсаттағы жүйелі еңбектің нәтижесінде Сәкен ұстаздың шәкірттері облыстық, республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі білім додаларында да биіктен көрініп келеді.
Әсіресе робототехника бағытындағы жетістіктері айрықша атап өтуге лайық. Сәкен Әбдіманатұлының жетекшілігімен білім ошағының бір топ оқушылары АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында жүлделі орынға ие болып, Қазақстанның көк туын әлемдік аренада желбіреткенін газетімізде сүйіншілеп жазған едік. Бұл – шәкірттердің ғана емес, олардың артында тұрған ұстаздың да қажырлы еңбегінің жемісі.
Әлемдік додаға дайындық – үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті және кәсіби шеберлікті талап етеді. Мұндай жетістіктер ұстаздың пәндік біліммен ғана шектелмей, заманауи технологияны меңгеруге, оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше мән беретінін көрсетеді. Оның әрбір сабағы шәкірт үшін жаңа идеяға, ізденіске, өнертапқыштыққа бастайтын баспалдаққа айналды десек, артық айтқандық емес.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Дәлмырзаевтың еселі еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар педагогті мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сәкен Әбдіманатұлына «Ерен еңбегі үшін» медалін ел Президенті өз қолымен табыстады. Республика бойынша аталған марапат тоғыз педагогке ғана бұйырғанын айта кету керек. Бұл – Сәкен ұстаздың көп жылғы еңбегіне берілген үлкен баға әрі Төлеби ауданының білім саласы үшін зор мақтаныш.
Мемлекеттік марапат – маңдай тер мен адал еңбектің өтеуі. Бұл медаль бір күндік жетістіктің емес, шәкірт тәрбиесіне арнаған жылдардың, тынымсыз ізденістің, кәсіби біліктіліктің және ұстаздық жауапкершіліктің нәтижесі.
Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жеңісі. Ал шәкірттері ел көлеміндегі және халықаралық додаларда топ жарып, туған елінің абыройын асқақтатып жүрсе, бұл – ұстаз еңбегінің өлшеусіз жемісі.
Ұлағатты ұстаздың еңбегі еленіп, мерейлі марапатқа ие болуы – Төлеби ауданы білім саласының абыройын асқақтатқан қуанышты жаңалық. Сәкен Әбдіманатұлына жаңа оқу жылында толағай табыс, шәкірттеріне жаңа жеңістер тілейміз!
А.Асқарқызы.


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf