Жаңа мектептің ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Жанғазиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Д.Әбіш, аудандық мәслихат төрағасы Н.Қойбағаров, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында Бағдатбек Пердебайұлы мен Дулат Назарбекұлы білім саласының қызметкерлері мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, жаңа білім ошағының ашылуы ауыл үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруде жаңа мектептің мүмкіндігі мол екеніне тоқталды.
Бұған дейін ауылдағы білім алушылар ескі мектеп ғимаратында оқып келген еді. Оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында тұрғындардың ұсыныс-тілегі ескеріліп, заманауи талаптарға сай жаңа мектептің құрылысы жүргізілді.
Жалпы аумағы 2 705 шаршы метрді құрайтын білім ошағының жобалық құны – 1 млрд 501,2 млн теңге. Жаңа мектеп құрылысының жүзеге асуына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш те қолдау көрсетіп, өз үлесін қосты. Құрылыс жұмыстарын «Ar Kua Group» ЖШС атқарды. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, асхана, спорт залы, футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын алаңдары бар.
Жаңа білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінген. Соның бірі – еңбекке баулу бағыты. Арнайы кабинеттер мен қосымша ғимаратта ағаш ұсталығы, слесарлық жұмыс, тігіншілік және аспаздық бағыттар бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл – ауыл балаларының біліммен қатар, еңбекке бейімделіп, түрлі кәсіптің қыр-сырын ерте жастан танып-білуіне жол ашатын маңызды мүмкіндік.
Ынтымақ ауылында бой көтерген жаңа мектеп – елді мекеннің әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам. Енді бұл білім ошағы ауыл балаларының талабын ұштап, талай шәкірттің арманына қанат бітіретін құтты мекенге айналмақ.
***
1 қыркүйек – Білім күні ауданымыздағы 71 білім беру ұйымында, оның ішінде 68 мемлекеттік және 3 жекеменшік білім ордасында Алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 2680 оқушы қабылданып, 2026-2027 оқу жылында аудан мектептерінде барлығы 30 мыңға жуық оқушы білім алады.
«Төлеби-ақпарат».



http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf