Ұстаз еңбегі – ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағына қосылған өлшеусіз үлес. Саналы ғұмырын білім беруге арнап, шәкірттерінің сапалы білім алуына және тұлға болып қалыптасуына күш салған педагогтің еңбегі қашанда құрметке лайық.
Осындай абыройлы марапатқа №2 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дауова Ләйла Әскербайқызы ие болды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен білім саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегі үшін Ләйла Әскербайқызына «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Ләйла Әскербайқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби білімі мен тәжірибесін шәкірт игілігіне бағыттап жүрген білікті ұстаз. Ағылшын тілін оқыту барысында заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға айрықша мән береді. Ұстаздың еңбегі оның шәкірттерінің жетістігі мен мектеп ұжымындағы абыройынан көрініс табады.
«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі – Ләйла Әскербайқызының жылдар бойы атқарған табанды еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл марапат – ұстаздық жолдағы жетістіктің ғана емес, білім мен тәрбиеге деген адалдықтың айқын көрінісі.
Ұлағатты ұстазды мәртебелі марапатымен құттықтай отырып, еңбегіне толағай табыс, шәкірттерін биік белестерден көруін тілейміз!
«Білім әлемі-ақпарат».



http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf