Денсаулық сақтау саласының табысты болуы ең алдымен өз ісіне адал, адам жанына араша бола білетін мамандардың еңбегімен өлшенеді. Осындай ақ халатына адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырып, саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнап келе жатқан тәжірибелі мейіргерлердің бірі – Ленгір қалалық емханасының аймақтық мейіргері Қоштаева Сандуғаш Нұрназарқызы.
Сандуғаш Нұрназарқызы 1974 жылдың 31 наурызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданында дүниеге келген. 1991–1994 жылдары Ленгір медициналық училищесінде «Медбике ісі» мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын 1994 жылы Төлеби ауданындағы Алатау дәрігерлік амбулаториясында бастады. Мұнда бес жыл абыройлы еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады.
1999 жылдан бері Ленгір қалалық емханасында аймақтық мейіргер болып үздіксіз қызмет атқарып келеді. Бүгінде оның медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі – 32 жылды құрайды.
Ұзақ жылғы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында Сандуғаш Нұрназарқызы аудан тұрғындарының зор сеніміне ие болған білікті маман. Ол әрбір науқасқа ерекше жанашырлықпен қарап, олардың денсаулығымен қатар жан дүниесін де түсіне білетін мейірімді қызметкер ретінде әріптестері мен тұрғындардың құрметіне бөленген.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мейіргер әрдайым білімін жетілдіріп, медицинаның жаңа талаптарын меңгеруге ұмтылады. Жоғары санатты маман ретінде қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, статистикалық көрсеткіштердің жоғары деңгейде болуына үлес қосып келеді. Сонымен қатар жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, оларды жауапкершілікке, ұқыптылыққа және науқастармен ізетті қарым-қатынас жасауға баулиды.
Ұжым ішінде қарапайымдылығы, адамгершілігі, еңбекқорлығы және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін Сандуғаш Нұрназарқызы әріптестері арасында зор беделге ие. Ол ұжымның ауызбіршілігін нығайтуға, өзара сыйластық пен кәсіби мәдениетті қалыптастыруға да сүбелі үлес қосып келеді.
Көпжылдық адал еңбегі, кәсіби шеберлігі мен халық денсаулығын сақтау жолындағы өлшеусіз қызметі Қоштаева Сандуғаш Нұрназарқызын жас буынға үлгі боларлық білікті маман ретінде танытады. Оның еңбек жолы – медицина қызметкерінің ең басты қасиеттері саналатын мейірімнің, жауапкершіліктің және адамға деген жанашырлықтың көрінісі.
Осындай тәжірибелі де білікті мамандардың табанды еңбегі денсаулық сақтау саласының абыройын асқақтатып, халықтың сенімін нығайта түсетіні сөзсіз.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf