Мейіргер мамандығы – адам өмірі мен денсаулығына деген үлкен жауапкершілікті талап ететін ізгі қызмет. Әсіресе ауылдық жерде еңбек ететін мейіргерлердің жұмысы – халыққа жақын болып, күнделікті медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды міндет. Осындай абыройлы қызметті адал атқарып жүрген жандардың бірі – Ленгір қалалық емханасына қарасты Тоғыс Шахтасы елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің мейіргері Гүлжанар Рахымбердіқызы Ташболатова.
Гүлжанар Рахымбердіқызы 1993 жылдың 30 маусымында Шымкент қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ адам денсаулығына қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған ол орта білім алғаннан кейін «Авиценна» медициналық колледжіне оқуға түсіп, «Емдеу ісі» мамандығын меңгерді. Жас маман оқу орнын тәмамдағаннан кейін алған білімін тәжірибемен ұштастырып, медицина саласындағы еңбек жолын бастады.
2017 жылдан бері ол Ленгір қалалық емханасына қарасты Тоғыс Шахтасы фельдшерлік-акушерлік пунктінде үздіксіз қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып, алғашқы медициналық көмекті сапалы көрсету, аурулардың алдын алу, тұрғындарды профилактикалық тексерулерге тарту, салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысып келеді.
Ауылдық жердегі мейіргердің қызметі жан-жақтылықты талап етеді. Күн сайын әртүрлі жастағы тұрғындарға медициналық көмек көрсету, созылмалы сырқаттарға бақылау жүргізу, жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын қадағалау, шұғыл жағдайда алғашқы көмек көрсету – мұның бәрі үлкен кәсіби дайындық пен сабырлылықты қажет етеді. Осындай жауапты міндеттердің бәрін Гүлжанар Рахымбердіқызы жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді.
Әріптестері оның өз ісіне тиянақты, еңбекқор әрі жауапкершілігі мол маман екенін ерекше атап өтеді. Ал тұрғындар оның мейірімділігіне, қарапайымдылығына және әр науқасқа жанашырлықпен қарайтын қасиетіне жоғары баға береді. Пациентпен жылы қарым-қатынас орнату, әрбір адамның денсаулығына бейжай қарамау – оның күнделікті жұмысының басты қағидаларының бірі.
Кәсіби білімін жетілдіруді ешқашан назардан тыс қалдырмайтын Гүлжанар Рахымбердіқызы жаңа медициналық талаптар мен емдеу тәсілдерін меңгеріп, біліктілігін үнемі арттырып отырады. Бұл – сапалы медициналық қызмет көрсетудің маңызды кепілі.
Бүгінде жалпы еңбек өтілі тоғыз жылды құрайтын білікті мейіргер ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оның адал қызметі, жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігі жас мамандарға үлгі боларлық.
Осындай өз ісіне берілген мейіргерлердің еңбегі денсаулық сақтау саласының беделін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға қосылған маңызды үлес болып табылады.



http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf