Жыл сайын маусым айында аталып өтетін Медицина қызметкерлері күні – адам өмірі мен денсаулығын қорғауды өмірлік мұрат еткен жандардың қажырлы еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет. Бұл – ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі ғана емес, олардың қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегін бағалайтын маңызды күн.
Денсаулық – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Ал сол байлықты сақтап, әрбір азаматтың өмірі үшін күресетін медицина қызметкерлерінің еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Дәрігерлер мен мейіргерлер, зертхана мамандары мен санитарлық қызметкерлер, жедел жәрдем қызметкерлері, техникалық және шаруашылық бөлім мамандары – барлығы да халық денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Бүгінде Төлеби аудандық ауруханасы аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсететін іргелі емдеу мекемесіне айналды. Ауруханаға 66 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Халық денсаулығына жауапты ұжымда 948 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 136 дәрігер, 666 орта буын медицина қызметкері және 146 қосымша қызметкер өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқаруда.
Аурухана құрылымында хирургия, терапия, балалар, неврология, жұқпалы аурулар, акушерлік-гинекология, реабилитация және паллиативтік көмек бөлімдерін қамтитын жеті тәуліктік стационар жұмыс істейді. Әр бөлімде заманауи емдеу тәсілдері енгізіліп, науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Медицина саласының дамуы материалдық-техникалық базаның нығаюымен де тығыз байланысты. Соңғы жылдары ауруханамыз жаңа медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылды. Жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия инкубаторы, заманауи электрокардиографтар, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, телекардиограф, хирургиялық сорғыш құрылғы, дефибрилляторлар, стоматологиялық қондырғы және басқа да қажетті медициналық жабдықтар алынуы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, емдеу сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Өткен жылы ұжымымыз бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Соның ең маңыздысы – Төлеби аудандық ауруханасының денсаулық сақтау саласындағы сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдеп, I санатты ұлттық аккредиттеу дәрежесіне ие болуы. Бұл – бүкіл ұжымның кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары арасындағы республикалық «МСАК көшбасшысы» байқауында І орынға ие болуымыз – аудан медицинасының әлеуетін көрсететін үлкен жетістік.
Аудан тұрғындарының денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар да қарқынды жалғасуда. Ауруханамызда «Даму және ерте араласу» орталығы ашылып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға кешенді көмек көрсету мүмкіндігі кеңейді. Ал Тағайна ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілсе, Қосағаш пен Шұбарағаш ауылдарында жаңа медициналық нысандардың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл – ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Әрбір жетістіктің артында кәсібіне адал, білімі мен тәжірибесін үздіксіз жетілдіріп жүрген медицина мамандарының маңдай тері жатыр. Ақ халатты абзал жандар күн демей, түн демей, мереке мен демалысқа қарамастан, адам өмірі үшін күресіп келеді. Мұндай жауапкершілікті мамандық үлкен жүректі, сабырды және жанашырлықты талап етеді.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы реформалар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеруге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға жаңа серпін беруде. Біз де осы міндеттерді жүзеге асыру жолында халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз.
Медицина қызметкерлері күніне орай барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің адал еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен адам өміріне деген жанашырлықтарыңыз әрдайым жоғары бағаланады. Әр шаңыраққа амандық, әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларына бақ-береке, еңбектеріне мол табыс тілеймін. Халықтың алғысы мен сенімі әрдайым сіздерге күш-қуат берсін!
Қарлығаш Умарова,
Төлеби аудандық ауруханасының бас дәрігері.




http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf