Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы маңызды кездесулер жалғасын тапты. Делегация Ташкент облысына қарасты Паркент ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік әлеуетімен танысты.
Кездесу барысында екі аудан арасындағы өзара тиімді серіктестікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Тараптар туризм саласындағы тәжірибе алмасу, кәсіпкерлік байланыстарды дамыту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Іс-сапардың маңызды нәтижелерінің бірі Төлеби ауданы мен Паркент ауданы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжатқа Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен Паркент ауданының әкімі Пулатов Эльмурод қол қойып, алдағы уақытта ортақ жобаларды іске асыруға келісті.
Меморандум екі өңір арасындағы достық пен серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған. Құжат аясында өзара сенім мен құрмет қағидаттарына негізделген әріптестікті кеңейту, сауда-экономикалық қатынастарды дамыту және инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілері арасындағы байланысты күшейту, ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибе алмасу, тау және экологиялық туризмді дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету жоспарлануда.
Аталған келісім Төлеби мен Паркент аудандары арасындағы бауырластық қарым-қатынасты бекемдеп қана қоймай, өңіраралық байланыстардың көкжиегін кеңейтуге, инвестициялық және туристік әлеуетті тиімді пайдалануға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл өз кезегінде екі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріп, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайта түспек.
«Төлеби-ақпарат».



http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf