4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Төлеби ауданында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, елдіктің нышандарына деген құрмет ерекше дәріптелді.
Аудан орталығында өткен салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтерілді. Тағылымды шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және ел бірлігін нығайту.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Қайратұлы тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, Ту, Елтаңба және Әнұранның тәуелсіз Қазақстанның айбары мен ұлттық бірегейлігінің басты нышандары екенін атап өтті. Ол мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.
Салтанатты шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік шара соңында мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
***
Мемлекеттік рәміздер күніне орай ауданның барлық білім беру ұйымдарында «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Аталған шаралардың мақсаты – білім алушылардың патриоттық рухын нығайту, азаматтық жауапкершілігін арттыру және мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шаралар аясында Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихы мен маңызын насихаттауға бағытталған дөңгелек үстелдер, танымдық кездесулер, викториналар, көрмелер, флешмобтар мен патриоттық акциялар ұйымдастырылды. Мазмұнды шараларға оқушылармен қатар педагогтер мен ата-аналар ұйымы да белсенді қатысып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін көрсетті.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл бастамалар жас ұрпақтың бойында елжандылық қасиеттерді қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етті. Өйткені мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтарын және тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін айқындайтын қасиетті белгілер.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің айғағы. Оларды құрметтеу – елге, жерге және болашаққа деген құрметтің жарқын көрінісі.
«Төлеби-ақпарат».


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf