1 маусым күні Төлеби ауданында спорт мерекесі ұйымдастырылып, Төлеби ауданының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, КСРО спорт шебері, Төлеби ауданындағы бокс мектебінің негізін қалаушылардың бірі, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Раджу Сайлауұлының 60 жасқа толған мерейтойына арналған бокстан облыстық ашық біріншілік өтті.
Көксәйек елді мекеніндегі №7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде өткен жарысқа Түркістан облысының бірнеше ауданынан келген жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнирдің басты мақсаты – жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, бұқаралық спортты дамыту және бокс саласында ұзақ жылдар еңбек еткен тәжірибелі маманның еңбегін ұлықтау болды.
Салтанатты ашылу рәсімінде ауданның спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, шәкірттері мен қонақтар мерейтой иесін құттықтап, оның аудан спортын дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді. Өзінің саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған Раджу Сайлауұлының жетекшілігімен көптеген талантты спортшылар тәрбиеленіп, республикалық және халықаралық жарыстарда аудан мерейін үстем еткені атап өтілді.
Аудандық мәдениет үйінің қызметкері, айтыскер ақын Жезмарал Байтуова спорт саңлағына арнау өлеңін арнады. Мерейтой иесіне құрмет ретінде ұлттық дәстүрге сай ақбоз ат мінгізіліп, иығына шапан жабылды. Сондай-ақ аудан әкімдігі, спорт ұйымдары мен әріптестері тарапынан арнайы марапаттар мен Алғыс хаттар табысталып, ізгі тілектер айтылды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал мерейтойлық турнир спорт ардагеріне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болып, жас спортшыларға үлгі-өнеге беретін тағылымды шараға айналды.



http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf