Мамырдың 25-і күні ауданымыздың барлық мектептерінде дәстүрлі Соңғы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Биылғы мерекелік жиындар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өтіп, білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы тәрбие сағаттары өткізілді. Түлектерге қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Салтанатты жиында білім, өнер, спорт бәйгелерінде жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздар мен шәкірттер марапатталып, мерейлері үстем болды.
Биылғы оқу жылы Төлеби ауданы үшін де табысты жетістіктерімен есте қалды. 2025-2026 оқу жылында ауданымызда білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, үш бірдей «Келешек» мектебі пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай бой көтерген жаңа білім ордалары өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына зор мүмкіндік жасап отыр. Бұл – мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың айқын көрінісі.
Биылғы оқу жылында Төлеби ауданы білім бөліміне қарасты 71 мектепте 29750 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 1818 оқушы 11-сыныпты, 2514 оқушы 9-сыныпты тәмамдады.
Түлектердің білімге деген құлшынысы мен ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде 103 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанса, 156 түлек үздік аттестатқа ие болғалы отыр. 1479 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, болашақтарына нық қадам жасамақ.
Ал 9-сыныпты бітірген 44 оқушы үздік аттестатқа үміткер атанды. Түлектердің әрқайсысы – ел ертеңіне үлес қосатын болашақ маман, тәуелсіз еліміздің үміті. Бұл – аудан мектептеріндегі білім сапасының артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Соңғы қоңырау мерекесі – тек қоштасу ғана емес, үлкен өмірге жолдама беретін тағылымды сәт. Мектеп қабырғасынан алған білім мен тәрбие түлектердің болашақта өз жолын табуына негіз болмақ. Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева Ленгер қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектептегі салтанатты жиынға қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Сонымен қатар жас түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздар қауымының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегіне ризашылығын білдірді.
Барша түлектерге ақ жол тілейміз! Армандары асқақ, мақсаттары айқын болсын! Ұстаздар мен ата-аналардың үмітін ақтап, ел дамуына үлес қосатын білімді де білікті азамат атануларына тілектеспіз.
А.Асқарқызы



http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf