Төлеби ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс жұмыстарына партиялық бақылау аясында мониторинг жүргізілді. Жұмыс сапары барысында Ленгір қаласы мен ауылдық округтердегі бірқатар маңызды нысандардың қазіргі жай-күйі зерделеніп, құрылыс барысы сараланды.
Мониторинг аясында Ленгірдегі «Төле би баба» музейінің құрылысы, 1-шағынауданда жүзеге асырылып жатқан инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобасы, сондай-ақ Момынай және Зертас ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы назарға алынды.
Зерделеу жұмыстарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының заңгер-консультанты Нұркен Естебеков, партияның Төлеби аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дәулет Мұсаев, аудандық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Ерболат Жабаев, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Мәженов және аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев қатысты.
Қазіргі таңда «Төле би баба» музейінің құрылысы 75 пайызға аяқталған. Сонымен қатар инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары аясында электр желілерінің дайындығы 90 пайызға, ал газ жүйесінің орындалуы 95 пайызға жеткен. Зертас ауылындағы спорт кешенінің құрылысы 65 пайыз деңгейінде жүзеге асырылған.
Мониторинг барысында құрылыс сапасы, жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалуы және қауіпсіздік талаптарының сақталуы басты назарға алынды. Анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, жауапты сала мамандарына бірқатар міндеттер жүктелді.


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf