Астанада сәуірдің 8-12-сі күндері 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған «Ғылым әлемін ашамыз» атты ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми конкурс өтті. Халықаралық байқауға Түркия, Қытай елдерінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен 200-ге жуық оқушы қатысты.
Зияткерлік сайыс Ғарышкерлер күні мен Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.
Конкурстың мақсаты дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау, жасөспірімдер арасында ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылықты арттыру, ғарыш саласындағы отандық және әлемдік жетістіктерді насихаттау, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту болды. Бірнеше ғылымды біріктірген зерттеу жобаларының жарысында жеткіншектердің топта жұмыс істеу дағдыларын дамыту да көзделді.
Ғылыми жарысқа қатысқан жасөспірімдер үш бағыт бойынша, атап айтқанда, AEROO Satellite Launch Competition аясында наноспутниктерді жобалап, құрастырып, ұшырды. Ал AEROO Space AI Competition секциясында жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ғарыштық жобалар әзірледі. «Күн жүйесі» AEROO Rocket Science Competition бағытында су және модельдік зымырандар құрастырып, сынақтан өткізді. Қорытынды кезеңде қатысушылар жобаларын ағылшын тілінде қорғап, сұрақтарға жауап берді.
Осы айтулы додаға Төлеби ауданы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары да қатысып, халықаралық жарыстың сертификатына ие болды. «A.E.R.D.» тобының құрамында Тұрдыбек Аңсар, Күзербай Әли, Райымбек Дарын, Бимырза Роллан (суретте) ғарыштық жобаларын қорғап шықты. Оқушыларды конкурсқа дайындап, жетекшілік жасаған – мектеп-интернаттың математика пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Талғатұлы Әсілбай.
Халықаралық ғылыми конкурстың марапаттау салтанаты 12 сәуір күні өтті. Онда ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Жас зерттеушілерді жетістіктерімен құттықтаймыз! Білім мен ғылым жолындағы ізденістеріңіз нәтижелі болсын, биік белестерді бағындырып, еліміздің абыройын асқақтата беріңіздер!
«Төлеби-ақпарат».


