Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық апталығы кең көлемде өтіп, табиғатты қорғау бағытындағы маңызды шараларға ұласты. Ауқымды акция барысында аудан аумағында көгалдандыру мен санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Іс-шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың бастамасымен 900-ге жуық адам қатысып, 70-тен астам мекеме жұмылдырылды. Сонымен қатар, тазалық және абаттандыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 18 техника тартылды. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға деген ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Экологиялық акция аясында бір күннің өзінде 9000 көшет отырғызылып, ауданның жасыл желегін арттыруға елеулі үлес қосылды. Ал жыл басынан бері егілген ағаш көшеттерінің саны 17 мыңға жетіп отыр. Әрбір қатысушының бір ағаш отырғызуы – табиғатқа деген жанашырлықтың нақты көрінісі.
Сонымен қатар, тазалық жұмыстары барысында өзен жағалаулары мен бұлақ көздері тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, табиғи аумақтарды абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған апталықтың басты мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты аялау және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан аумағында тазалық пен көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілмек.
Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет.



