«Мамандық таңдау — адам өміріндегі ең қиын, ең жауапты қадам. Әрбір шәкірт өз табиғатына, зейініне қарай кәсіп таңдауы тиіс», – деп ұстаз Жүсіпбек Аймауытов бұдан бір ғасыр бұрын өзінің «Психология» еңбегінде айтқан болатын. Бүгінгі ұлттық даму кезеңінде мектептің басты міндеті – тек академиялық білім беру емес, сол білімді еркін жеткізе алатын, өзіндік көзқарасы қалыптасқан коммуникативтік тұлға тәрбиелеу. Ж.Аймауытов кәсіп таңдау мен маман болу жолында «зейін» мен «ықыластың» маңызын ерекше көрсеткен. «Жұмыстың ең жақсысы – адамның өз табиғатына жақын жұмыс», – дейді. Алайда, оқушы өз табиғатын, бейімділігін тануы үшін оған мектеп қабырғасында еркіндік пен өз пікірін білдіру мүмкіндігін беру қажет деп ойлаймын.
Жүсіпбек Аймауытовтың айтуынша, адамның ішкі жан дүниесі оның сөзі мен ісінен көрінеді. Осы тұрғыдан біз оқушының коммуникативтік құзыреттілігін арттыруда екі бағытты ұстандық: Монологтік сөйлеу: Оқушының өз ойын жүйелеп, көпшілік алдында сенімді сөйлеуі. Аймауытовша айтқанда, бұл – адамның өзін-өзі тануы мен тәрбиелеуінің бір жолы. Диалогтік оқыту: Бұл – пікір алмасу мәдениеті. Оқушы мұғаліммен немесе сыныптасымен тең дәрежеде сөйлескенде ғана оның бойындағы жауапкершілік сезімі оянады. Автор баланы жасынан бақылау керектігін айтады. Егер оқушы диалогта белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болса, оның болашақ мамандығы да адамдармен қарым-қатынас жасау саласында болғаны тиіс. Ж.Аймауытов «мамандықты мәжбүрлеп таңдатпау керек» деп ескертеді.
Жүсіпбек Аймауытов баланы жасынан бақылап, оның бейімділігін тануға шақырады. Осы мақсатта кәсіби бағдар беру жұмысын біз мектебімізде бастауыш буыннан бастауды жөн көрдік. 3-4-сынып оқушылары арасында «Менің ата-анамның мамандығы» тақырыбында шығармашылық эссе байқауы ұйымдастырылды. Бұл жұмыс тек жазу дағдысын емес, баланың еңбек әлеміне деген алғашқы көзқарасын қалыптастыруды көздеді. Осы оқушылардың эссе жұмыстарында ата-анасының еңбегін сипаттай отырып, әр кәсіптің қиындығы мен қоғамға пайдасын алғаш рет сезінгендігін және бұл ұлттық тәрбиенің негізі болып табылатын «еңбекқорлық» құндылығының көрінісі болғаны байқалды.
Кәсіби бағдар берудің келесі кезеңі ретінде 7-10-сыныптар арасында «Мамандықтар марафоны» өткізілді. Әр сыныптан құралған командалар заманауи мамандықтардың (IT-мамандар, инженерлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, маркетинг мамандары, кәсіпкер, полиция т.б.) рөлін жан-жақты таныстырды. Марафонның ерекшеліктері: кәсіби имидж, пәндік интеграция, коммуникативтік дағды. Оқушылар таңдаған мамандықтарының арнайы киімдерін киіп, сол кәсіптің күрделілігі мен жауапкершілігін сезінді. Таныстырылым барысында әр мамандық иесі болу үшін мектепте қай пәндерді (жаратылыстану және қоғамдық бағыттағы) жетік оқу керектігіне тоқталды. Оқушылар монологтік сөйлеу мен ашық диалог арқылы өз мамандықтарын қорғап шықты.
Жүсіпбек Аймауытов: «Кәсібіне машықтанған адам – бақытты адам» дейді. Оқушыны субъект ретінде тану, оған ерте жастан мамандықтар әлемін таныстыру оның болашақта өз ісінің шебері болуына жасалған ең үлкен педагогикалық қолдау. Осы орайда, мектебімізде кәсіби бағдар беру және оқушы бейінін анықтау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Біз бұл үдерісті тек жоғары сыныпта басталатын науқандық шара емес, баланың мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап тұлғалық қалыптасуына дейінгі үздіксіз процесс деп білеміз.
Мектеп қабырғасындағы әрбір сабақ, әрбір тренинг пен марафон оқушының «Мен кіммін?», «Қоғамға қандай пайда әкелемін?», «Менің арманым» деген тақырыптарға жауап іздеуіне бағытталған. Біздің басты жетістігіміз ол оқушылардың мамандық таңдаудағы дербестігі мен жауапкершілігінің артуы. Жүсіпбек Аймауытовтың психологиялық ұстанымдарына сүйене отырып, біз баланың табиғи қабілетін коммуникативтік ортада шыңдау арқылы ұлттық дамудың жаңа белесіне қадам басатын, өз ісінің нағыз шеберлерін дайындауды мақсат етеміз. Өйткені, мамандығын дұрыс таңдаған шәкірт – мемлекеттің берік іргетасы.
М.ҚОШҚАРБАЕВА,
Жеңіс жалпы білім беретін мектебі директорының
оқу-бейіндік ісі жөніндегі орынбасары.



