Аналар мейрамына орай аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне арналған басқосуда аудан әкімі Е.Әлімқұлов аналар мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, «Ұрпағыңды тәрбиелегің келсе, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды тәрбиелегің келсе, қызыңды тәрбиеле» деген халық даналығын еске алып, аналардың қоғамдағы орны, олардың отбасы мен ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегіне кеңінен тоқталып, көпбалалы аналар мен түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген іскер әйелдерге құрмет көрсетті.
Мерекелік жиында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін салтанатты түрде марапаттап, олардың ел демографиясын арттыруға, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қосып отырған зор үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар түрлі салада жемісті еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүрген бірқатар ханымдарға аудан әкімінің Алғыс хатын, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын және Төлеби ауданының Құрмет грамотасын тапсырды. Салтанатты жиынға шақырылған барша қыз-келіншектер мен аналарға ақ жаулық пен гүл шоқтары табыс етілді.
«Төлеби-ақпарат».


