Аналар мейрамы қарсаңында Кемеқалған ауылдық округінде ақ жаулықты аналарға арналған тағылымы мол, рухани мәні терең мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы, отбасының берекесі болған аналарды ардақтау мақсатында өткен кешке 200-ге жуық ана шақырылып, оларға ерекше құрмет көрсетілді.
Мерекеге жиналған барша аналарға сый-сияпаттар табысталып, жүрекжарды ақ тілектер айтылды. Кеш аясында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген, саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек еткен бірқатар аналар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – олардың тынымсыз еңбегіне берілген лайықты баға.
Кештің көркін қыздыра түскен мәдени бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Айтыскер ақындар Ақмарал Леубаева мен Нұрлан Есенқұлов, сондай-ақ өзге де өнерпаздар әсем ән мен өрнекті жырдан шашу шашып, аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Домбыраның күмбірі мен жүрекке жеткен жыр жолдары кештің ажарын аша түсті.
Мереке бағдарламасы аясында ана-лардың келін болып түскен кезде есінде мәңгі қалған «Беташар» қойылымының көрініс табуы талай аналардың жүрегін толқытты.
Іс-шара үстінде өмірге алғашқы қадамын басқан сәбилердің тұсауын кесіп, батасын берген ауылдық округ әкімі П.Ескулов, аудандық мәслихат депутаты Е.Жабаев, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Құлманов және ауыл ақсақалдары құттықтау сөздерін арнап, аналарға ізгі лебіздерін білдірді. Олар аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, отбасы мен ел бірлігінің негізі ана тәрбиесінде екеніне тоқталды.
Мән-мағынасы терең бұл шара аналарды ардақтап қана қоймай, жас буынға тағылым беретін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жарқын үлгісі болды.
«Төлеби-ақпарат».


